Жаңаарқаның электр желілері жаңартылады

Жаңаарқада үп етіп жел тұрса да, соқыр жаңбыр жауса да, жалп етіп жарық сөнеді. Өйткені электр желілерінің 70 пайызы тозған.

Жылдарға созылған осы бір шетін мәселені реттеу үшін бұрын жекенің қолында болған желілер коммуналдық мекеменің қарауына өткен еді. Қазір жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 2 жыл бұрын басталған ауқымды жоба биыл аяқталуға тиіс.

2 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтүбек ауылында жарық жиі сөнеді. 50 жылдан бері жөндеу көрмеген электр желілері ескірген. «Әсіресе қыста қиын», - дейді ауылдықтар. Себебі жел тұрса, сымдар үзіледі. Кейде қысым көбейіп, тұрмыстық техниканың істен шығатыны бар.

Ғазиз Жақсыбеков, ауыл тұрғыны:

- Wi-Fi-дың блок питаниелері жанып кететін. Соткалардың блок питаниелері да істен шығады. Кейбір үйлерде морозильник жанып кетіп жатады. Ондай көп болып тұрады ғой. Боранда тоқ көзі күшейіп кетеді, кейде азайып кетеді.

Салаға жауапты мамандар мәселе биылдан қалмай шешімін табатынын айтады.  Екі жылдан бері аудан орталығында және осы Ақтүбек пен Сәкен ауылдарында желілерді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қолға алынған жобаның жалпы құны 6 млрд теңгеге жуық. Осыған дейін 270 шарымнан астам электр желісі ауыстырылды және тағы 46 шақырымы жаңадан тартылды.

Бейбіт Хасенов, кент тұрғыны:

- Жылда осы уақытта жауын-шашында свет сөніп тұратын. Қазір тұрақтанған сияқты. Көп сөну деген жоқ. Енді толық әлі біткен жоқ. Толық қосады ғой. Үлкен бір жүк түскендей болды. Талай боран, суық, аяздар да болды. Светтің күрт сөнуі болған жоқ. 

Жалпы аудандағы электр сымдарының 70 пайызы тозған. Себебі жекенің басқаруында болған желілер ұзақ жыл жөнделмеген. Нысан коммуналдық меншікке қайтарылған соң, жаңғырту жұмыстары басталды. «Осы жоба аяқталған соң тағы 4 ауылдың электр желісін жаңғырту жоспары бар», – дейді жауаптылар. Қазір сметалық құжаттары жасалуда.

Есіл Жұмақұл, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұл жоба 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Биыл аяқтау жылы. Бұл жерде бізде үш фидер дейміз, үш фидерге бөлінеді. Нагрузка үш жерге бөлінеді. Егер толық бәрі  аяқталатын болса, жылдың аяғына дейін Жаңаарқа кентінде толық 100 пайыз электр желісі жаңарады.

Ұлытау ауданы мен Қаражал қаласына да желілер тозып тұр. Энергетика басқармасы бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін айтады. Былтыр өңірде 819 шақырым электр сымдары жаңартылып, 170-ке жуық қосалқы станция жөнделді.

Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшаһира Серекбаева