Әр ауыл мен қала маңында орман егіледі

Келер жылы елде 270,9 млн көшет отырғызылады. Соңғы 4 жылда республика аумағында 1 млн гектардан астам аумаққа 1 млрд 648,4 млн жасыл желек егілді, деп хабарлайды 24KZ.

Ендігі меже – кең байтақ қазақтың даласын алқапты орманға айналдыру. Президент қойған міндетті іске асыру барысы бүгін Құрылтайдың комитет отырысында талқыланды. Үкімет пен жергілікті әкімдіктер қолға алған негізгі жоба «Дала орманы» аясында бір жылдың ішінде 400 гектар жерге 5 млн тал егілді. Нәтижесінде 3 облыста 4 ірі орман питомнигі құрылған.

Енді бастаманың ауқымын одан ары кеңейту жоспарланған. Мәселен, әр ауылдың маңынан 25 гектар, аудан орталықтарының жанынан 50 гектар, ал ірі қалалардың маңынан 100 гектар аумақта көшет өсіретін саябақ ашылады.

Ербол Нұрғалиев, Құрылтай депутаты:

–Бүгінгі отырыста осы мәселені іске асыру барысында министрліктің қандай дайындықпен келгенін, қандай проблемалар бар екенін талқылаймыз. Мысалы, әр аудан орталығына отырғызылатын көшеттер мен тұқымдар дайын ба, дайын емес пе, сапасы қандай болады? Сол жерлердегі мамандармен қамту мәселесі де бар. Осы мәселелердің барлығы бойынша министрлікке өз ұсыныстарымызды береміз.

Сондай-ақ оқыңыз: