Елордада Жаңару күні жоғары деңгейде атап өтілді
Бүгін – Жаңару күні. Яғни Самарқанның көк тасы жібіп, табиғаттың оянар шағы. Күнгейдегі елді мекендерде көшет отырғызу басталса, алты ай қар жататын Арқада жердің тоңы енді жібіп келеді.
Бүгін бас қаладағы Сарайшық ауданың тұрғындары жапырыла аулаға шықты. Ерлер қолына күрек алып, көбесі сөгілмеген қарды аршыса, әйелдер ауылдың дәмін аңқытып, бауырсақ пісіріп жатыр.
Жаңару күні. Бұл – табиғаттың оянуымен қатар, адам баласының да жандүниесі жаңғырып, жаңа мақсаттарға бет бұратын ерекше сәті. Бұл өкпе-назды ұмытып, көңіл көкжиегін кеңейтіп, жүректерге мейірім шуағын себетін күн. Көптен көріспеген Сарайшық ауданының тұрғындары бүгін бас қосты.
Бектас Тәжібаев, қала тұрғыны:
- Бүгін таңертеңнен далаға шықтық. Тұрғындармен бірге кішігірім іс-шара өткізіп жатырмыз. Кішірігім ауланы тазалап, көктемгі тазалықты бастап кеттік.
Иә, көктем келсе де ауладағы қардың көбесі сөгілмеген. «Тұрсын-Астана» тұрғын үйінің ерлер қауымы қолға күрек алып, қар тазалауда. Ал әйелдер қазанға от жағып, самаурын түтетіп жатыр.
Думан Сабыр, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Барлық мерекелерді атап өтеміз. Мұның барлығы халықтың ауызбірлігі, халықтың қолдауы. Өйткені біз осы шаралардың барлығына бір ай бұрын дайындаламыз.
Аула тұрғындары Наурыз мейрамын асыға күтіп отыр. Себебі Сарайшық ауданы биыл ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтпек.
Әлішер Әли