Жыл басынан бері елде екі мыңнан астам өрт тіркелген

Негізгі себептері тоқ жүйесін дұрыс пайдаланбау, электр жабдықтарын орнату мен қолдану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу.

Тілсіз жауға жылу маусымы кезінде пештерді дұрыс  пайдаланбау да жиі себеп болады. Газ баллонын қолдануда қауіпсіздік ережесі ескерілмесе, салдары неге әкелетінін Щучинскідегі оқиға есімізге тағы бір салды. Соңғысы – аталған себептердің ішіндегі ең қауіптісі. Оқыс оқиғада адамдардың қашып құтылуы қиын. Елде мұндай жағдайларды болдырмаудың амалдары қандай? Жалпы өрт қауіпсіздігін қадағалау қандай деңгейде?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Соңғы бір жылда елде газ баллоны жарылып, арты өртке ұласқан 5 жағдай тіркелді. Атап айтсақ, былтыр қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданы Аққолтық ауылындағы жер үйде 27 литрлік тұрмыстық газ баллоны жарылды. 180 шаршы метр үй тұтас қирап, 6 адам оның ішінде 5 бала зардап шекті. 12 маусымда Алматы қаласының Түрксіб ауданында жапсарлас салынған екі үйден алапат өрт шықты.  Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Жыл аяғына таман Орал қаласында 5 қабатты тұрғын үйдің пәтерінде баллон жарылып, үйді отқа орады. Мұнда да адамдар аман қалды. Алайда келесі күні Қарағанды облысы, Мойынты ауылындағы дәмханада тұрмыстық газ жарылып, екі адам көз жұмған. 11 адам түрлі жарақат алды. Палау орталығындағы өрт салдарынан 20-дан аса адамды күйік шалған.11-і қайтыс болды. Оқыс оқиғаның себебі алдын ала болжаммен айтылады. Тергеу амалдарына байланысты, өрттің нақты себебі бірден жарияланбайды. Сол сияқты Семейдегі Bala Park ойын-сауық орталығынан шыққан алапат өрттің де себебі анықталып жатыр.

Жалпы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерілуі тиіс нысандар бар. Төтенше жағдайлар қызметі мұндай нысандарды тәуекелі жоғарғы, орташа және төменгі деп бөледі. 

Елдос Зияда, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Мысалы, біз жаңағы тамақтану орындарын алатын болсақ, ол жерде біз ауданына қарай қараймыз. Екі мың шаршы метрден жоғары – ол жоғары тәуекелі, оны жылына бір рет тексеріліп отыруы тиіс Кәсіпкерлік Кодекске сай. Орташа ол мыңнан екі мыңға дейін. Төмен ол мыңнан төмен қарай. Жоғары мен орташа тексеріліске жатады. Ал төменгі дәрежелі ол тексеріске жатпайды ол тек қана кезектен тыс тексерістер дейміз, тұрғындардың қандай да бір шағымы болған жағдайда немесе прокуратура органдарының арнайы нұсқаулығы болған жағдайда ол объектілер тексеріледі. 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Яғни аумағы үлкен, адам көп жиналатын орындар тәуекелі жоғары нысан саналады. Шағын дәмханалар олардың қатарынан емес. Дегенмен, қауіпсіздікті сақтауға міндеттілер санатына жатады. Олар да ірі өндіріс ошақтары, кәсіпорындар, сауда орталықтары сияқты тиісті тексеру жүргізуге міндетті. Жалпы елде арнайы өрт қауіпсіздігі аудиті қызметін ұсынатын 100-ден астам компания бар. Астанадағы сондай бір ұйым өкілі Марлен Байшолақовтың айтуынша, оларға көбіне зауыттар, құрылыс компаниялары, қойма кешендері, сауда орталықтары мен әкімшілік ғимараттар жүгінеді.  

Марлен Байшолақов, өрт қауіпсіздігі аудитін жүргізетін мекеме маманы:  

- Клиенттерді жіктеп қарайтын болсақ, олардың негізгі бөлігін шағын және орта бизнес құрайды. Орташа есеппен бағамдасақ: 60-65 пайызы шағын бизнес, 25-30 пайызы орта бизнес ал 10-15 пайызы ірі кәсіпорын-өндірістің үлесінде. 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Қоғамдық тамақтану орындары да аудиторларды шақырып, өрт қауіпсіздігін тексертеді. Түрлі электр жабдықтарын орнатып, газ не тоқ қуатымен көпшілікке ыстық ас-су әзірлейтін нысандарға қатаң талап қойылатыны белгілі. 

Марлен Байшолақов, өрт қауіпсіздігі аудитін жүргізетін мекеме маманы:

- Алайда дәмхана-мейрамханалар қызметімізге жиі жүгінеді деу қате болар. Олардың үлесі бізге түскен өтінімдердің 15-20 пайызын ғана құрайды. 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Мәлім болғандай, Щучинскідегі дәмхана ешқандай тексерістен өтпеген. Кәсіпкерлік кодекске сай шағын-орта бизнес нысандары әлеуметтік жауапкершілік танытып, жеке аудитор жалдамаса – төтенше жағдайлар қызметінің оларды арыз-шағымсыз тексеруіне құқы жоқ. Ал қаупі жоғары газ баллонын дұрыс қолданылуын төтеншеліктер тіпті қадағаламайды да. Бұл –  жергілікті әкімдіктерге қарасты газ инспекциясының құзырындағы дүние.

Бақыт Топтаева