Астанада Наурыз мейрамы қарсаңында асық атудан турнир өтті

Мерекелік сайыс ерекше қажеттілігі бар балалар арасында ұйымдастырылды. Бұл жарыста кәдімгі қойлық емес, сиырдан алынған топай асық қолданылды. 

Өйткені бочча ойнап, машықтанған спортшылар үшін ірі асықпен ойнау анағұрлым ыңғайлы. Турнир басталар алдында балақайлар асықтарды ерекше түстерге бояды. «Ұлттық спорт ойынын ерекше балалар арасында дәріптеудің маңызы жоғары», - дейді іс-шараны ұйымдастырушылар. 

Әлішер Ислам, «Спорт және мәдениетті дамыту» ҚБ басшысы:

- Боулинг ойыны асық атудан шыққан деген бір ой туындайды. Бочча ойыны да асық атуға өте ұқсас. Сиырдың асығын, жілігін ғана қосатын ойын емес, бұрыннан қалған мұра ойынымыз. Сол бочча емес, асық атуды енгізіп, балаларымызбен бірге той жасаған – үлкен мейрам. Бүгінгі күнге орай өткізген бір іс-шара.