ЮНЕСКО-да Наурызнама таныстырылды
Наурызнама онкүндігі мен Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде таныстырылды.
Халықаралық аудиторияға арналған іс-шараны Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі Елшілік жанындағы Абай мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырды.
Табиғаттың жаңаруы мен бірлікті білдіретін Наурыз мейрамы ЮНЕСКО қауымына жақсы таныс. Еуразияның біраз халқы үшін ортақ мерекені атап өту дәстүрін 13 мемлекет бірлесіп ұсынып, 17 жыл бұрын Адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Биыл мерекелі іс-шараны ашқан Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов осыны еске алып, жиылған жұртқа елімізде Наурызды ерекше атап өтудің жаңа форматы – Наурызнама онкүндігінің мәні мен мазмұнына тоқталды.
Асқар Абдрахманов, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі:
- Наурызнама аясында біз қазақ халқының әртүрлі дәстүрін, жақсы қалыптасқан өзіміздің іс-шараларымызды насихаттауға мүмкіндік аламыз. Ұлттық спортқа арналған бір күн бар, ұлттық киімге арналған күн бар және осы тұжырымдаманы ЮНЕСКО-дағы қауымдастыққа таныстыру, бұл саладағы мемлекетіміздің игі саясатын жақсы ілгерілетуге бір мүмкіндік болады деп сенеміз.
Кеш қонақтары қатарында ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссия басшылары, Хатшылық қызметкерлері мен қазақ диаспорасының өкілдері болды. 2003 жылғы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенцияның хатшысы Фумико Охината еліміздің адамзаттың мәдени әртүрлілігіне қосқан үлесін атап өтіп, домбыра, киіз үй және дәстүрлі ойындар қазақ халқының әлемге танылған символдарына айналғанын айтты.
Фумико Охината, 2003 жылғы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенцияның хатшысы:
- Ең алдымен, Қазақстан халқына жылы лебізімді білдіргім келеді. Бүгінгі кеш елдеріңіздің бай мәдени мұрасына арналған. Бұл – қазақстандықтар қадірлейтін және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылық. Қазақстан ЮНЕСКО аясында материалдық емес мәдени мұраны сақтау ісіне белсенді қатысып келеді. Көбісі ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Осындай іс-шараларда домбыра үнін асыға күтемін, оның әуені ерекше әсер беріп, сіздердің мәдени мұраларыңыздың сұлулығын бейнелейді.
Кеш барысында қонақтар ән мен күй тыңдап, ұлттық киім үлгілерін тамашалап, тоғызқұмалақ ойынының тарихы және ережесімен танысты. Суретші Жанель Жұбанованың киізден бұйым жасау бойынша шағын шеберлік-сағатын өткізді. Айта кетейік, киіз басу өнеріне қатысты көпұлтты номинация осы жылдың желтоқсан айында репрезентативтік тізіміне енгізу үшін қаралады.
Симона-Мирела Микулеску, Румынияның ЮНЕСКО жанындағы елшісі:
- Елдеріңізді жақсы көремін. Қазақстанға алғаш рет 24 жыл бұрын Румыния президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі ретінде келдім. Кейін жуырда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қайта оралдым. Бұл жолы ЮНЕСКО Бас конференциясының төрайымы ретінде келдім. Іс-шараның ауқымы мен елдеріңіздің даму қарқынынан қатты әсер алдым. Осы шапан сол сапар барысында сыйға тартылды, қазір ол – румын ұлттық киімінен кейінгі ең сүйікті киімім.
Кеш соңында қонақтар наурыз көже ішіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. ЮНЕСКО шаңырағында ұйымдастырылған іс-шара Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға және оны халықаралық деңгейде ілгерілетуге деген ұстанымының тағы бір дәлелі болды.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан