Қызылордада «Цифрлы киіз үй» тігілді. LIVE
Қызылордадағы «Береке бастауы – әз Наурыз» шарасында «Цифрлы киіз үй» тігілді.
Бұл жерде жергілікті жастар ойлап тапқан «ақылды» технологиялары жұртшылық назарына ұсынылды. Сыр өңіріндегі Ұлыстың ұлы күні тағы несімен ерекшеленді?
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
– Қайырлы күн! «Береке бастауы – әз Наурыз» мерекесі ерекше форматта өтіп жатыр. Мұнда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлердің әрқайсысына «Жыраулар», «Батырлар», «Достық» ауылы секілді атау берілген. Олар тақырыпқа сай қойылымдар ұсынып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жатыр. Этноауылда қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-жоралғысы түгел көрініс тапқан. Ұлттық тағамдарды дайындау процесі мен қолөнер бұйымдарының жасалу әдісі де жұртшылыққа таныстырылуда . Ал «Руханият» ауылында қолөнер көрмесі, сурет галереясы мен ақындар айтысы ұйымдастырылған. Тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырған – «Цифрлы киіз үй» болды. Мұнда Сыр жастары әзірлеген заманауи жобалар ұсынылды. Әсіресе түрлі салада қолдануға болатын роботтар көрермен назарын аударды.
Бағлан Терлікбаев, жедел әрекет ету орталығының директоры:
- «Көмек 109” жобасы бойынша бізде жасанды интеллект енгізуге байланысты, мысалы, әр қызметке байланысты авариялық жағдай болған кезде қай қызметке жауапты немесе қай жерде ошағы бар деген сияқты жасанды интеллект өзі анықтап береді де автоматты түрде сол мекенжайды «красная зона» дейді, қызыл аймақ ретінде көрсетіп сол қызметті жұмылдыруға мүмкіндік болады. Бұрын біз мекенжай сұраймыз, қалай болып жатыр, не жағдай болып жатыр деген кезде біз енді өрт пе, өрт, сұрап алғаннан кейін барып анықтайтынбыз. Енді жасанды интеллектті пайдаланған кезде бізде уақыт үнемдеуге мүмкіндік болады.
Дәл қазір алаңда ұлттық ойындар да қызып тұр. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тартыс бойынша сайыстар өтуде. Наурыз тойы эстрада жұлдыздарының концертімен қорытындыланады.