Қарағандыда Наурыз мейрамы жаңа форматта өтті

Қарағандыда Наурыз мейрамында ұлттық дәстүр мен заманауи сандық технологиялар әдемі үйлесім тапты. Мереке алаңында қазақтың бай мәдениеті салтанат құрған.  

Киіз үйлер тігіліп, жұртшылық ұлттық тағамдардан, Наурыз көжеден дәм татып, мерекелік концертті, ұлттық спорт түрлері бойынша жарысты тамашалады. 

Мыңдаған адам орталық саябақтағы шараны көруге жиналды. Наурыз алаңына кіреберісте жыл иесі жылқының және түйелі керуеннің мүсіні қойылған. Ал саябақтың қос қанатында киіз үйлі этноауыл орналасқан. Оладың әрқайсысында көшпелі дәстүр мен қонақжайлылық жаңғырып тұр. Арнайы құрылған үлкен шатырда мерекелік шара салтанатты түрде ашылды. 

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Жақсылықтың, жаңалықтың, ырыс пен ынтымақтың жаршысы Наурыз мерекесі биыл ораза айтпен тұспа-тұс келді. Қасиет қонған киелі мекен қос мерекенің шапағатына бөленіп, мейірім мен бірліктің айрықша үлгісін көрсетіп отыр. 

Наурыз тойында  ұлттық дәстүр мен заманауи технологиялар ерекше үйлесім тапқан. Жасанды интеллект пен цифрлық мүмкіндіктер арқылы ұлттық қазынамызды, материалдық емес құндылықтарды жаңа форматта насихаттауға басымдық берілген. Балалар үшін алтыбақан орнатылған, жайлы киіз үйлерде қонақтарға дәм ұсынылды.  Көпшілік бүркіті мен тазысын әкелген саятшылармен суретке түсті. 

Наурыз алаңында екі күн бойы концерттік бағдарлама өтеді. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен жарыстар болады. Өңірге қарасты 7 аудан мен 7 қалада осындай кең ауқымды шара өтіп жатыр. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит