Наурыз мейрамы: дәстүр мен технология тоғысты

Көктеммен бірге келген Ұлыстың ұлы күні қалаға жаңа тыныс пен ерекше шаттық сыйлады. 

Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ататүрік саябағы алаңында концерттік іс-шаралар ұйымдастырылып, салт-дәстүріміз кеңінен ұлықталды.

Ататүрік саябағы бүгін ұлттық дәстүр мен заманауи технология тоғысқан думанды алаңға айналды. «Digital-Наурыз» алаңында тұрғындар жасанды интеллект арқылы ұлттық киімдегі цифрлық бейнелерін жасап, «Наурызай» мен «Наурызбек» цифрлық көмекшілер арқылы дәстүр жайлы ақпарат алды. Мерекеге келген келушілерге бауырсақ пен наурыз көже ұсынылды.

Досхан Тұяқпаев, Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімінің орынбасары:

- Бүгін шара 10:00-де басталды, концерттік бағдарлама сағат 15:00-де бітті. Одан кейін ары қарай сауда-саттық болды. Демалушы адамдар үшін шара 18:00-ге дейін болады.

Түркия мен Әзербайжан елшіліктері этно-киіз үйлер тігіп, келушілерді салт-дәстүрлерімен таныстырды. «Наурыз тойы» алаңында жас жұптардың қатысуымен қазақтың дәстүрлі үйлену рәсімі өтіп, жастарға бата берілді.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Әннен шашу шашылып, биден өрнек тігілді. Ұлттық салт-дәстүрлер дәріптелді. Байқоңыр ауданы әкімі баланың тұсауын кесіп, ізгі ниет білдірді. Сондай-ақ келушілер спорттық ойындарға қатысып,  мәре-сәре болды.

Авторлары: Асылжан Құрманғали, Ырыстанбек Оспанов