Шымкентте Наурыз мейрамында төл өнер төрге шықты
Орталық алаңда ұлттық аспаптардың үні күмбірлеп, дәстүрлі әндер ұлықталды. Сахнада жергілікті саз өнерінің шеберлері әннен шашу шашты.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Бірлік пен берекенің символына айналған Әз-Наурызды қала жұртшылығы ерекше ықыласпен, зор қуанышпен қарсы алды. Күн райының жауын-шашынды болғанына қарамастан, ұлық мерекені тойлау үшін орталық алаңға ағылды. Әр жанның шаттыққа толы жүзін анық аңғаруға болады.
Мерекелік сахна озық технологиялардың көмегімен ұлттық нақышта безендірілген. LED-экрандар мен мультимедиялық декорациялар Әз-Наурыздың айбынын асырып, алаңға жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Ал көпшілік асыға күткен төл өнерден фольклорлық ансамбль мен жергілікті өнерпаздар шашу шашты. Олар қазақ халқының алтын қорындағы классикалық күйлер мен термелерді, халық әндері мен аспаптық туындыларды, салтанатты композицияларды орындап, мерекелік думанның көркін қыздырды. Сондай-ақ орталық алаңда қазақы киіз үйлер мен алтыбақ тұрғызылып, ұлттық тағамдар пісіріліп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар қайта жаңғырды. Ұлттық ойындар ұлықталды.
Технология ұлттық өнерді ұмыттыру үшін емес, оны заман талабына сай жаңғырту үшін қызмет етуі тиіс. Бүгін кешке осы орталық алаңда диджей-робот өнер көрсетіп, танымал эстрада әншілерінің мерекелік концерті өтеді. Іс-шарада лазерлік эффекттер қолданылып, отшашумен қорытындыланады деп жоспарланған.