Абай облысында Наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатымен тойланды

Абай облысында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі биыл да ерекше сән-салтанатымен тойланды.

Ұлттық құндылықтар дәріптеліп, мерекелік бағдарлама ұсынылды. Аймақ бойынша 300-ге жуық киіз үй тігіліп, көрмелер мен театрландырылған қойылымдар өтті. 

Мереке күні облыс орталығында 50-ге жуық киіз үй тігілді. Халық ұлттық ойындарға белсене қатысты. Сонымен қатар қыз ұзату, бесікке салу, қырқынан шығару секілді салт-дәстүрлер театрландырылған көрініс арқылы дәріптеліп, көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік шараға облыс әкімі қатысып, тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі: 

- Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа құт береке, амандық, ырыс-несібе тілеймін. Наурызнама онкүндігі бастамаларға серпін берсін. Ұлық мейрам жақсылығымен келіп, елдігімізді нығайтып мерейімізді өсірсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Жыл тек жақсылыққа толы болсын. Абай облысы өсіп өркендей берсін. 

Орталық алаңда тігілген 12 киіз үйдің әрқайсысы қазақтың ұлы тұлғалары мен тарихи оқиғаларға арналды. Ал Арбат аумағында шеберлік сағаттары, викториналар мен шығармашылық байқаулар өткізілді.  IT және жасанды интеллектке арналған танымдық бағдарламалар да көпшілік көңілінен шықты.

БЛИЦ: 

- Қанша халық келді.Күн қандай жылы.Ақ мол болсын. Еңбектерің жемісті болсын. Бақытты болыңдар.

- Жылдан жылға Семейіміздің көркейгенін қааймыз. Қазірдің өзінде бізде сондай серпін бар. Көңіл-күйіміз де жақсы. Наурыз құтты болсын.

Ұлттық спорт алаңында қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ, қой көтеру сияқты дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Думан Қыздарбеков, қазақ күресінен аға жаттықтырушы:

- Халықтың арасынан шығып суырылып, спортшылар шығып өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Енді Семейде үлкен деңгейде наурыз мерекесі тойланып жатыр. Ақ мол болсын, уайым-қайғымыз жоқ болсын.

Күндізгі концерттік бағдарламада Тоқтар мен Бейбіт, AGUGAI және «Жігіттер» тобы жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кешкі концерттік бағдарламада Диана Исмайл, Әлем, Баян сұлу өнер көрсетеді.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков, Медет Өмірханов