Сәукеле: дәстүр мен заманауи сән үйлесімі

Қазақтың ұлттық киімі – ұлттың рухы мен тарихының көрінісі. Әр ою-өрнек халқымыздың терең тарихынан сыр шертеді.

Әрбір киімнің өзіне тән тағылымы мен мәні бар. Соның бірі – сәукеле. Бүгінде ол тек ұзату тойында ғана емес, күнделікті сәнге де айналып келеді. Сәукеленің тарихы мен бүгінгі жаңғыруы туралы әріптесім Асылжан Құрманғалидың материалында.

Асылжан Құрманғали, тілші:

- Қазақтың ұлттық киімдерінің бірі - ақ сәукеле. Оны қыздар ұзатылған сәтте киеді. Ежелде бір сәукеленің құны 500 жылқыға тең болған, оны алтынмен аптап, күміспен қаптаған. Ендеше тарих қойнауына сыр шертіп, бүгінгі мен кешегі сәукелені салыстырып көрейік

Ерте кезде сәукелені қыз ұзатылмай тұрып, бір жыл бұрын зергерді шақыртып жасатқан. Ондағы әшекейлердің көп болуы молшылықты білдірген. Сол арқылы қыздың әлеуметтік деңгейі анықталатын. Онда қай рудан шыққанын көрсететін өз элементтері болған, бұл арқылы руын білген.

Айгүл Рахтаева, экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері:

- Мына сәукелеге қарасаңыздар, әшекейі өте мол. Бұл қалындық бар болған жерде үбірлі-шүбірлі болсын деген мағынаны білдіреді. Содан кейін шекелігі. Шекелігі де бағалы тастармен көмкерілген. Атауы осы Адай руынан келген. Сәукелеге келер болсақ, арт жағына келсеңіздер, балық бейнесі бар. Яғни, балық қалай еркін суда жүзсе, барған жерінде солай еркін жүрсін деген ниетпен кеткен екен. Бағалы, ең көп асыл тастармен көмкерілген сәукелені осылай Алдарда көре аласыздар.

Байырғы заманда ұзатылған қыз өз жұртына келе жатқанда, өзінен бұрын сәукелесі көрінетін болған. Сол арқылы аман-есен келгенін топшылаған. «Сәукеле» сөзі де осыдан шыққан: «Сау келе жатыр» деген мағынаны білдіреді. Ерте кезде сәукелені жігіт жақ жасатқан. Оны арнайы ұзатылғалы жатқан қызға арнап  алтын мен күміс әшекейлермен безендірген. Дегенмен этнограф қазіргі кезде оның бірқатар дәстүрге сай емес қолданып жатқанын айтады.

Батырхан Жұмабай, тарихшы, этнограф:

- Қыз баланың тақиясын үлкен апалар киіп алып жатыр. Ол дұрыс емес нәрсе. Мәселен, келін болдың ба, сәукелені кидің, келін болғаннан кейін бетің ашылды ма, ақ жаулық орамал тағылды, яғни оны мойнынан емес, арт жағынан тартқан, дүниеге сәби әкелдің бе, анаға кимешек кигізген.

Ондағы әр оюдың өз мәні бар. Мәселен, қазтабан, түйетабан оюлары – ұрпақ жалғастыратын ана символын білдірсе, қызғалдақ оюы – қырдың гүліндей сұлу ана деген мағынаны береді. Бүгінгі таңда да бұл оюлардың өз мәнін жоғалтпағанын айтады. Арнайы сәукеле тігетін дизайнер қазіргі кезде де осы оюларды қолданатынын, тек заман талабына сай әшекейлер өзгергенін атап өтті.

Шолпан Шалқарбаева, дизайнер:

- Негізі сәукеле атам заманнан бері киізден істелетін. Қазіргі кезде сәукеленің формасын фетрден жасайды, қатырма маталардан дайындайды. Сосын оны фетрден істегеннен кейін барқытпен, вилюрмен, парчамен, жібек маталармен қаптайды.

Ақ сәукеле кию кез келген қыздың басты арманы. Қазір қымбат әшекейлермен көмкеріліп, арнайы жасалатын сәукелелер сирек кездеседі. Бастысы – ұзатылған қыздың бағы жанып, бақытты болуы, соның өзі үлкен мәнге ие.

Асылжан Құрманғали, Ақылбек Есімсейітов, Мұрат Әріпханов