Түркістандық ағаш шебері қарағаштан қобыз аспабын жасайды

Түркістандық ағаш шебері Дәурен Миншәріп 20 жылдан бері қарағаштан қобыз аспабын жасайды. Ағаштың тамырынан да түрлі бұйымдар жасап, кәдеге жаратады.

Малдың сүйегі мен мүйізінен де кәдесыйлар дайындайды. Ал Гауһарбек Күнқожаевтың қолынан шыққан дүниелердің философиялық астары терең. Он саусағынан өнер тамған шебер қазір түркі жұртына ортақ «Тұран» домбырасын жасап жатыр. 

Қобыз үнінің жақсы, тұнық шығуы - аспаптың ағашына байланысты. Ағашқа тіл бітірген шебер Дәурен Миншәріп кейбір қобыздың сүйегін 7-8 жылға дейін кептіретінін айтады. Сондықтан сапалы ағашты бағасына қарамай сатып алады. «Жасаған бұйымдарымның арасынан қыл қобызға тапсырыс көп түседі», - дейді. Қобыздың қыр-сырын білмесе де, бойтұмар қылып төріне іліп қоятын көрінеді.

Дәурен Миншәріп, ағаш шебері:

- Қазір қызығушылық жақсы. Музыканттардан сұраныс болып жатады. Қарапайым адамдар да үйге сәнге сұрап жатады. Шетелден де сұраныстар болып жатады қобызға. Ең жақсы көретінім, қыл қобыз бен нар қобыз жүрегіме жақын. Ағаш қанша кептірдім дегенімен, ішінде ылғал болады. Бір қобыз жасау үшін 1-1,5 айдай уақыт кетіп қалады.

Дәурен қобыздан бөлек, үйге қоятын ұлттық нақыштағы түрлі кәдесыйлар да жасайды. «Жүйрік ат мініп, қолына қыран, соңынан тазы еткен аңшының мына мүсініне қызығушылар көп», - дейді. Ал ағаш тамырынан жасалған дүниелері тынымсыз ізденістің жемісі. 

Дәурен Миншәріп, ағаш шебері:

- Тамырдан бейнелі бұйымдар көп шыға бермейді. Сирек, өзі көрінеді, мынадай бейне шығып тұрады. Соны әкеліп жақсылап тазалаймыз. Қарап отырып, ойып, мына жерде қарағаштың тамыры болса, мына шетінен аққудың бейнесі шығып тұр. Мына жерде жылан мен қыранның айқасып жатқан бейнесі. Мында барыстың бейнесі. Бұл енді қобыздың тұғыры. Қобызды қою үшін.

Ал Гауһарбек Күнқожаевтың туындылары тек әдемілігімен ғана емес, мән-мағынасымен де ерекше. Әрбір дүниені ұлттық нақышта безендіреді. Мұндағы туындыларға көзің тоймайды. Асқан ыждақаттылықпен жасағаны көрініп тұр. Әр дүниенің өзіндің тарихы мен философиялық ойы бар. Шебер енді түркі жұртына ортақ «Тұран» домбырасын жасап жатыр.

Гауһарбек Күнқожаев ағаш шебері:

- Түркістан түркі әлемінің қара шаңырағы дейді ғой. Қарашаңыраққак келгендер осы жерден бір аспап алып кеткісі келеді. Алып кетеді, үйіне іліп қояды. Әзербайжан Башқұрттың үйіне барады. «Өй, мынау біздің аспап қой» дейді. Ол айтады «Иә, біздің де аспап», Татардың үйіне барады. «Ой, біздің аспап», «Иә, біздің де аспап». Сонда әр түркінің үйінде бір «Тұран» домбырасы тұрады. Мағынасы сол, достық символы ретінде, түбіміздің бір екенін білдіреді.

Қиялындағы дүниені бейнелеп, бір-бірімен үйлестіре білу – тек шебердің ғана қолынан келеді. Гауһарбектің қолтаңбасынан шыққан әр туындының атауы мен мән-мағынасы бар. Қарап тұрып, мінсіз шеберлік пен ұстаның қиял жүйріктігіне тәнті боласыз.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш