ЕО миграциялық саясатты қатаңдатты
Еуроодақ заңсыз миграциямен күреске бағытталған жаңа шараларды бекітті. Енді баспана құқығы берілмеген шетел азаматтары Одақ аумағынан өз еркімен кетуге тиіс.
Талапқа бағынбағандар айыппұл арқалап, елден мәжбүрлі түрде департацияланады. Уақытша орталықтарда тұруды және тегін тамақтануды қамтитын материалдық көмектен де қағылады. Люксембургте өткен Еуроодақ ішкі істер министрлерінің кездесуінде осындай шешім қабылданды. Мақұлданған құжат Еуроодақ аумағынан тыс жерлерде мигранттарға орталық ашуға мүмкіндік береді. Ол жерге тек әзірге өз отанына қайта алмай отырған мигранттар орналастырылады. Бұл бастаманы Дания, Аустрия, Грекия, Германия және Нидерланд қолдап отыр. Естеріңізге салайық, миграциялық саясатты қатаңдатуға Испанияның Сеута қаласына ағылған заңсыз мигранттардың нөпірі себеп болды. Шілде айында анклавқа 70 мыңнан астам адам заңсыз кірген.