QS Rankings: Қазақстан университеттері әлем бойынша ТОП-50 қатарына енді

Әйгілі Quacquarelli Symonds рейтинг агенттігінің таңдауы осындай. Биыл отандық оқу орындары білім бәйгесінде Орталық Азия өңірінде рекордтық нәтижеге қол жеткізді.

Ақжолтай жаңалықты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бұл – Қазақстанның жоғары білім саласындағы мазмұнды серпілісінің бірі. 2026 жылы QS рейтингіне елдің 13 жоғары оқу орны енді. Сонымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет үздіктер қатарында 41-орынды иеленді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы алғаш рет ТОП-100-дікке қосылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University өз әлеуетін дәлелдей түсті.

Сонымен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Құрманғазы атындағы консерватория және Абай атындағы педагогикалық университет өз бағыттары бойынша жоғары нәтиже көрсетті.

Сергей Христолюбов, QS өңірлік директоры:

- Қазақстан Орталық Азиядағы пәндік рейтингтердің топ-100 қатарына енген жалғыз ел болып қалады. Орталық Азиядағы жоғары білім беру тарихындағы пәндік рейтингтер бойынша ең жоғары көрсеткіш – «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша топ-50 қатарына ену – бұл тек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін емес, бүкіл ұлттық жоғары білім беру жүйесі үшін зор жетістік. Әлемнің үздік университеттерінің пәндік рейтингтеріне Қазақстанның 13 жоғары оқу орны еніп отыр. Олар төрт кең пәндік сала мен 27 пән бойынша 70 позицияны қамтиды. Бұл – ел үшін абсолютті рекордтық көрсеткіш. 

Quacquarelli Symonds рейтингі әлемде 1990 жылдан бері үздіктерді анықтап келеді. Мәртебесін жоғарылатқан отандық жоғары оқу орындарымыз жаһандық іргелі оқу ордалары қатарында бәсекеге қабілеттілігін тағы дәлелдеді.

Ербол Сармурзин, академик Е.А. Бөкетов атындағы қарағанды университетінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры:

- Букетов университеті QS рейтингінің бірнеше бағыты бойынша қатысып келеміз. Әлемдік рейтингте, Азия рейтингінде. Сонымен қатар тұрақты даму рейтингінде брнеше жыл бойы қатысып, жақсы позицияларда көрініп келеміз. Биыл біз бірінші рет пәндік рейтингісіне кіріп отырмыз. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің лингвистика бағытында жұмыс істейтін ғалымдардың жұмысының тұрақтылығын көрсетеді.

Олжас Беркінбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі:

- Демек біздің ЖОО болашақ экономиканың көзі бола отырып, елімізде қазір мына: білім беру, лингвистика, компьютерлік ғылымдар, инжинерия саласы күшейіп жатыр. Айтып өткендей, еліміздің болашақ экономикасының көзі. QS рейтингі университеттердің әлемдегі орнын айқындап береді. Екіншіден, студенттерге оқу орнын таңдауға көмектеседі. Үшіншіден, елдің білім беру жүйесінің беделін арттырады.

QS рейтингтері әлемнің 1900 университетіндегі 21 мыңнан астам білім беру бағдарламасын қамтиды. Бағалау 55 пән және 5 негізгі бағыт бойынша жүреді. Сапалы білім арқылы ақылға инвестиция салу – адами капиталды жан-жақты дамытумен тең. Демек алдағы міндет – осы көрсеткіштерді арттырып, академиялық жетістіктерді экономика мен технологиядағы нақты өзгерістерге айналдыру. 

Авторы: Рухани Әбдірахман