О. Бектенов ең ірі бу-газ электр стансасының құрылысымен танысты
Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін Түркістан облысына іс-сапармен барып, жаңадан салынып жатқан елдегі ең ірі бу-газ электр стансасының құрылысымен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, жүзеге асып жатқан жоба болашақта Түркістан облысы мен Шымкент қаласын толық қуат көзімен қамтамасыз етеді. Әрі оңтүстік өңіріне қосымша қуат резервін құруға және энергия жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сайрам ауданында Олжас Бектенов еліміздегі ең ірі газ электр стансасының құрылысымен танысты. Жобаның жалпы қуаты 1000 МВт болатын 4 газ турбинасы, 4 кәдеге жарату қазандығы және 2 бу турбинасын қамтиды. Бу-газ қондырғысы жаңа технологияның көмегімен газ жылуын іске асыру арқылы қосымша электр энергиясын өндіреді. Стансаның артықшылығы оның жоғары маневрлі қабілетінде және желіде тапшылық туындаған жағдайда жетіспейтін қуатты жедел түрде толықтыруға мүмкіндік береді.
Ұлан Бүркітов, «Түркістан бу-газ қондырғысы» ЖШС басқарма төрағасы:
- Еліміз үшін, оңтүстік өңір үшін стратегиялық маңызы жоба. Басқа елдерден алатын электр энергиясына тәуелділігімізді азайтады. Болашақта осы өңірге экономикалық жағынан үлкен маңызы бар жоба. Қолданысқа берілген кезде 600-ден астам жұмыс орны ашылады. Оның үстіне экономикалық-мультипликативті эффекітісі бар. Мердігер компаниялар, сервистік компаниялар пайда болады.
Түркістан облысында қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының да әлеуеті жоғары. Сондықтан Үкімет басшысы бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды элементіне айналып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға негіз болатынын атап өтті.
Одан кейін Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылындағы «Ақ-Ата» бұлағын тазартуға қатысты. Жергілікті тұрғындармен бірлесіп, бұлақ көзін қоқыстан тазартты.
Алмасбек Әбілхайырұлы, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
- Басында үлкен сенбілік іс-шара өткізіп, жастарға бағыт-бағдар беріп тұрған жағдаймыз бар. Президентіміздің барлық бастамаларын қолдап, қуаттап отырамыз.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Талқыладық, өңір жақсы дамып келе жатыр. Біз де республика тарапынан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Бәрі сәтті болсын. Наурыз құтты болсын! Наурыздан-наурызға аман-есен жете берейік бәріміз.
Айта кетейік биыл өңірде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында 1,5 мыңға жуық бұлақ көзін тазарту жоспарланып отыр. Оның аясында бұлақ көзін ашу, су жинау, тазарту және абаттандыру қарастырылған. Сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениетін көтеру, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған іс-шаралар жүргізілмек.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов