Авторлық құқықтардың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады

Авторлық құқыққа қатысты бірыңғай цифрлық платформаның екінші кезеңі осы жазда іске қосылады.

Ал биыл шілдеден кейін авторлар алғашқы сыйақыларын ала алады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Әділет министрі мәлімдеді. Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, қазір бұл жүйеге ақпарат жинау жалғасып жатыр. Оған авторлар, құқық иеленушілер, құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар мен сол өнімді пайдаланушылар туралы деректер кезең кезеңмен енгізіледі. Жүйе 2027 толық дайын болады деп жоспарланған.  Цифрлық платформа Жаңа конституцияға сай жұмыс істейді және зияткерлік меншікті қорғауға бағытталады. Платформада авторлар жеке кабинет арқылы өз өнімдерінің қайда, қашан, неше рет қолданылғанын бақылап, соған сай сыйақы алады. Заң бойынша мұндай сыйақы тоқсан сайын төленеді. Әділет министрінің сөзінше, авторлық туындыларға қатысты "көлеңкедегі қаржы айналымы бірнеше миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Ал ресми түрде 1,7 миллиард теңге тіркелген және олардың тек 53%-ы авторлар тиесілі".

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Жаңа модель негізгі бизнес процесстерді, соның ішінде шарттар жасасу мен есептілікті бірыңғай цифрлық платформа арқылы электрондық форматқа көшіруді көздейді. Ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті ұсына отырып, тек қолма қол ақшасыз нысандағы есеп айырысулар жасайды. Бірінші кезеңде біз теледидар мен радионы қосу жұмыстарын бастадық. Бүгінгі күні 109 теле- және радиоарналар қосылған. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап, театрлар мен кинотеатрларды қосу жұмыстары жүргізіледі. 2027 жылдың қаңтарынан бастап барлық қалған субъектілері тіркеледі.