Қазақстан БҰҰ алаңында AI-Quryltai платформасын таныстырды

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында алғаш рет жасанды интеллектіге негізделген AI-Quryltai цифрлық парламенттік платформасын таныстырды, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа жүйе парламенттік деректерді, құқықтық ақпарат пен зияткерлік сервистерді бірыңғай қорғалған ортаға біріктіреді. Басты мақсат – жасанды интеллект көмегімен заң шығару сапасын арттыру.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

– Жасанды интеллект заң шығаруға көмектесе ала ма? Қазақстан Құрылтайында түпкілікті шешімді адам қабылдаса, бұған мүмкіндік бар деп санайды. Жасанды интеллект азаматтардың өтініштерін саралап, қажетті мәліметтерді жинақтап, талдауға көмектеседі. Осындай қағидатпен жұмыс істейтін AI-Quryltai платформасы алғаш рет Женевадағы Ұлттар сарайында таныстырылды.

Ұлттық нақышта безендірілген әрі заманауи техникамен жабдықталған «Қазақстан» залында дипломаттар, Парламентаралық одақ өкілдері мен сарапшылар жиналды. Құрылтай, «Әділет» партиясы, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының өкілдері және мемлекеттік басқаруды цифрландыру мамандары парламентте жасанды интеллектіні қолданудың 2027–2029 жылдарға арналған стратегиясын таныстырды. Негізгі ұстаным – ақпаратты жинақтап қоймай, оны жан-жақты талдау. Яғни заң әзірлегенде статистикамен шектелмей, халықтың нақты сұранысын ескеру.

Қаныш Төлеушин, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары:

– Қазіргі кезде бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінде бар проблемаларды алдын ала анықтап, e-Otinish платформасы мен біздің call-орталық арқылы жиналған барлық деректерді жасанды интеллект агентінің көмегімен автоматты түрде сараптап, осы проблемаларды шешу жолдарын тауып, депутаттарымызға тез арада ұсынатын болды. Екінші үлкен әрі маңызды мақсатымыз – бүкіл заңдарымызды біріктіріп, логикалық модульдің арқасында жаңа заңдарды тез арада әзірлеу.

AI-Quryltai қолданыстағы e-Quryltai цифрлық платформасын дамытудың келесі кезеңі болмақ. Таныстырылымның Женевада өтуінің өзіндік мәні бар. Мұнда Парламентаралық одақтың штаб-пәтері орналасқан. Ұйым өкілдерінің айтуынша, Қазақстан заң шығару ісіне жасанды интеллектіні енгізу арқылы электрондық парламенттен жаңа деңгейге қадам баспақ.

Хуан Де Диос Синкунеги, Парламентаралық одаққа мүше параменттермен жұмыс және сыртқы байланыстар бөлімінің директоры:

– Біз Парламентаралық одақ аясында ұлттық парламенттердің өзара ынтымақтастығын дамытып, жұмыстың барынша нәтижелі болуына ықпал етеміз. Қазақстанның жаңа Парламенті – Құрылтайдың бұл бағытта ілгерілеп келе жатқаны анық. Жобаның негізгі идеясы да түсінікті. Мәселе тек заман ағымынан қалмай, жасанды интеллектіні жаңа құрал ретінде пайдалануда емес. Ең бастысы – қауіпсіз ортаны сақтап, адам факторын ескеру.

Платформадағы жасанды интеллект агенттері депутаттарға заң жобаларын құқықтық сараптамадан өткізуге, құжаттардағы қайшылықтарды анықтауға, депутаттық сауалдар мен азаматтардың өтініштерін талдауға көмектеседі. Қазақстанның бұл тәжірибесі шетелдік мамандардың да қызығушылығын тудырды.

Раймондо Пиктет, Женева бейтараптық орталығының цифрлық бастамалар жетекшісі:

– Жасанды интеллект саласындағы стратегияларыңыз таңғалдырады. Меніңше, Қазақстан бұл бағытта көптеген елден, соның ішінде Швейцариядан да озды. Әсіресе заң жобаларын әзірлеу процесінің ашықтығы әсер етті. Осы салада бір-бірімізден үйренеріміз көп. Мәселен, үлкен тілдік модельдерді, яғни LLM технологияларын қолдану бойынша тәжірибе алмасуға болады.

Венцеслав Сабев, Женева университеті Қауіпсіздік обсерваториясы директорының орынбасары:

– Жасанды интеллектіні тек киберқауіпсіздікке төнетін қатер немесе жұмыс орындарының қысқару қаупі деп қабылдамаған жөн. Оның тағы бір маңызды артықшылығы – шешім қабылдау сапасын арттыру. Шешімді бәрібір адам қабылдайды, бірақ енді ол нақты деректер мен терең талдауға сүйенеді. Менің түсінуімше, Қазақстан парламенті де осыған ұмтылып отыр.

Жаңа құралдар қолданысқа енгізілмес бұрын Құрылтайдағы жасанды интеллект зертханасында сынақтан өтеді. Олардың дәлдігі, қауіпсіздігі және заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Бірақ соңғы шешім мен оның жауапкершілігі депутаттардың өзінде қалады. Жоба авторлары осылайша халықтың сауалдарына жедел жауап беріп, қабылданатын заңдардың сапасын арттыруды көздейді.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Сондай-ақ оқыңыз: