Мас күйде көлік айдаған мемлекеттік қызметкер жұмыстан қуылады

Ішімдік ішіп көлік тізгіндеген немесе есірткі қолданған мемлекеттік қызметші жұмыстан қуылады. Мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін әрекет жасаса, қызметші еңбек демалысынан кез келген уақытта кері шақыртылуы мүмкін. 

Қазір елде мемлекеттік қызмет туралы заң жобасы жетілдіріліп жатыр. Жаңа нормалар мемлекеттік қызметшінің өз міндеттеріне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл заң жобасы қолданыстағы нормаларды қайталамайды және алмастырмайды. Мысалы, қолданыстағы заңнамада мас күйінде көлік басқарғаны үшін қатаң жауапкершілік 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру және әкімшілік қамау көзделген. Алайда жаңа тәсіл бұдан да терең. Бұл жерде мәселе тек құқықбұзушылықта емес, мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы жауапкершілігінде. Біз ең алдымен, мемлекеттік қызметшінің мәртебесіне назар салуымыз керек. Бұл
– жай ғана қызметкер емес. Бұл мемлекет атынан әрекет ететін тұлға. Сондықтан оған қойылатын талап та жоғары болу керек.

Мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы, тәртібі, жеке жауапкершілігі қоғамға үлгі болу керек. «Мас күйінде көлікке отыру немесе есірткі қолдану бұл тек жол ережесін бұзу емес, ол ең алдымен, мемлекеттік қызметке деген сенімге нұқсан келтіретін әрекет», - деді заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі депутат Наталья Дементьева. Құжат енді екінші оқылымда пысықталады. Жалпы Ішкі істер органдары биылғы 2 айда 1400-ден астам жүргізушіні мас күйінде ұстады.