Балалар онкологиясын емдеу стратегиясы талқыланды

Қазақстанда жыл сайын шамамен 300-400 баладан обыр дерті анықталады. Оның 60 пайызы – лейкоз бен лимфома аурулары.

Бұл туралы Астанада өткен медициналық конференцияда айтылды. Еуразиялық балалар онкологиясы мен гематологиясы мектебі үшінші мәрте мамандардың басын қосты. Жиын мақсаты – онкогематолгияны емдеудегі тиімді стратегияны қалыптастыру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай дертті жеңу көрсеткішін 60 пайыздан асыруды көздейді. Бұл ретте онколог дәрігерлердің ең тиімді емдеу тәжірибесін ортаға салуы маңызды. Медициналық конференцияда гематолог, онколог-хирург, педиаторларды оқыту семинарларын ұйымдастыру мәселесі қозғалды.

Кирил Киргизов, Блохин атындағы балалар онкологиясы және гематологиясы ҒЗИ директорының орынбасары:
- Еуразиядағы балалардың обыр дертін жеңіп шығу көрсеткіші әрқилы болғандықтан бұл көрсеткіштердің жақсарғаны маңызды. Бұл ретте жақсы нәтижеге қол жеткізген елдер бар. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей,
Беларусь бар, осы елдер озық тәжірибесімен бөлісіп отырады. Бүгінгі конференцияда қазіргі уақыттағы балаларды емдеудің хаттамаларына қатысты ой-пікір бөлісеміз.