20 трлн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді

Былтыр мемлекеттік қазынадан 20 трлн теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді.

Қазынашылық комитеті алдын ала бақылауды күшейтіп, тәуекелі жоғары қаржылық құжаттарды дер кезінде анықтады. Нәтижесінде күмәнді құжаттар орындалмай қайтарылып, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуының алды алынды. Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджет шығыны 29,6 трлн теңгені құраса, жергілікті бюджеттер 17,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Мемлекеттік қазынашылық комитетінің төрағасы Рахат Тоқбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазынашылықта цифрландыру нәтижесінде төлемдерді өңдеу жеделдеп, бақылау күшейген.

Рахат Тоқбаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік қазынашылық комитетінің төрағасы:

- 2026 жылы Қазынашылық жүйесін басқа жүйелермен байланыстыру, оның ішінде Цифрлық теңгені пайдалану жоспарлануда. Келешекте заманауи және тиімді шешімдерді қамтитын (оның ішінде жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып) мемлекеттік қаржыны жедел басқаруға бағытталған қазынашылық жүйесінің жаңа архитектурасын құру міндеті тұр.