Әкімшілік амнистия: мыңдаған адамның айыппұлы кешірілуі мүмкін
Елімізде әкімшілік амнистия енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Егер заң жобасы қабылданса, мыңдаған қазақстандықтың айыппұлы толық немесе ішінара кешірілуі мүмкін.
Десе де рақымшылық бәріне бірдей жасалмайды. Ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға мән беріледі. Бұл олардың қаржылық жүктемесін жеңілдету үшін қолға алынып отыр. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, амнистия тек қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін құқықбұзушылықтарға қатысты болады.
Атап айтсақ, ұсақ әкімшілік құқықбұзушылықтар, әлеуметтік маңызы төмен істер, азаматтарға немесе мемлекетке елеулі зиян келтірмеген жағдайлар. Ал террористер, экстремистер мен жемқорлар, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты қылмыс жасағандар, сондай-ақ азаптау қылмыстарын жасағандар мен іздеуде жүргендер әкімшілік амнистияға іліге алмайды. Мемлекет басшысы бастамашы болған бұл қадам қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуды көздейді.
Қандай құқықбұзушылықтар кешіріледі?
- Ұсақ әкімшілік құқықбұзушылықтар
- Әлеуметтік маңызы төмен істер
- Азаматтарға немесе мемлекетке елеулі зиян келтірмеген жағдайлар
Кімдерге әкімшілік рақымшылық жасалмайды?
- Террористер, экстремистер мен жемқорлар
- Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты қылмыс жасағандар
- Азаптау қылмыстарын жасаған адамдар
- Рецидивистер мен іздеуде жүргендер
Шаймерден Байтуғанов, қорғаушы:
- Көп сұрақ бар. Оның ішінде «Айыппұлдар толық кешіріле ме әлде ішінара ма?», «Қандай шарттар бар?» деген сұрақтар талқыланып жатыр. Көп жағдайда айыппұлдар толық емес, ішінара кешіріледі деп ойлаймын. Азамат қарыздың өзін төлесе, оған есептелген өсімпұлдар мен санкциялар кешіріледі деп ойлаймын. Кей жағдайда жеңілдік белгілі бір мерзім ішінде төлем шартымен берілуі мүмкін. Сондықтан бұл іс-шараларды дұрыс деп ойлаймын.