Америкалық журналға Президенттің мақаласы жарияланды
Қазақстан саяси трансформацияның ең маңызды кезеңіне қадам басты. Тәуелсіздік алғалы 35 жыл ішінде мұндай елеулі уақиға болған емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық The National Interest журналына мақала жазып, жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жуырда өткен республикалық референдумға осындай баға берді. Жазбада Ата заңдағы негізгі өзгерістер мен елдің жетілген саяси жүйесі жайлы жазылған.
Қалың қараша келешектің кірпішін қалауға белсенді атсалысады. Тағдыршешті таңдау түскенде тасада қалмай, өз үнін қосуға дайын. Бұл − елдің саяси жүйесі жетілгенін көрсетсе керек. Мұны сандар да айғақтайды. Дауыс беру құқығы бар халықтың 73 пайыздан астамы референдумға қатысқан. Президент мақаласында бұл рекордтық көрсеткіш екенін айтып, электораттың 87 пайызы өзгерісті қолдағанын жазды. Негізгі бастамаларға тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев құжаттың қолдау табуы халықтың әділ әрі құқықтық мемлекетте өмір сүруді қалайтынын аңғартады деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Заң мен тәртіп, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау және оны мүлтіксіз сақтау, қоғамды жаңғырту қағидаттары Конституцияға арқау болды. Сондай-ақ білім, ғылым, технология, мәдениет салаларын ілгерілетуге, экологиялық сана, волонтерлік, отаншылдық құндылықтарын дәріптеуге басымдық берілді. Ең маңыздысы, Қазақстанның зайырлы мемлекет екені анық жазылды.
Мемлекет басшысы негізгі құжат өскелең ұрпақтың бағдары, темірқазығы ретінде қызмет атқаратынына сенімді. Оны әзірлеуге 100-ден аса мүшесі бар Конституциялық комиссия атсалысты. Үтір-нүктесіне дейін майшаммен қаралды. Бұқара да белсенді. Алты айға созылған талқыға 12 мыңға жуық ұсыныс түскен. Қасым-Жомарт Тоқаев мәтіндегі әрбір сөйлемнің жазылуына өзі де үлес қосқанын мәлімдеді. Нәтижесі баршаға аян.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа конституциялық жүйе аясындағы институционалдық реформалар мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, басшы кадрларды тұрақты түрде жаңартуға септігін тигізеді. Бұл бағыттағы өзгерістердің нақты нәтижесінің бірі ретінде Вице-президент лауазымының енгізілуі, басты мемлекеттік тұлғалардың қызмет мерзімі мен құзыретін шектеу ел басқару жүйесінің кемелденгенін көрсетеді.
Бұл − биліктен бұрын бұқараға бағытталған құжат. Оның өзегі – адам. Ата заңның ең үлкен бөлімі алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтарына арналды. Бұл құндылықтар тайға таңба басқандай бекітілді. Құжат ішкі ахуалдан бөлек, сыртқы байланысқа да септігін тигізеді. Президенттің америкалық аудиторияға арналған жазбада инвесторларға арнайы тоқталуы бекер емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан шетелдерден тікелей инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Аймаққа келген инвестицияның 70 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Әйтсе де бұл бағытта әлі атқарылатын шаруа көп. Қазақстанның толық цифрлық елге айналу үдерісін жеделдету және инновацияға негізделген экономика құру үшін осындай реформалар жүргізілуі қажет еді. Бір жағынан бизнесті, инновация мен ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға бейіл екенімізді Конституция деңгейінде бекіту арқылы халықаралық инвесторлар мен серіктестердің сеніміне ие боламыз.
Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 экономикасының қатарына енді. Цифрлық үкіметті дамыту бойынша үздік 30 елдің санатындамыз. Оған қоса мұнай мен газдың мол қоры бар. Жаңартылатын қуат, аса маңызды пайдалы қазбалар мен ауыл шаруашылығы өнімдері бағытында әлеуетіміз ұшан-теңіз. Оның үстіне ғарыш державасымыз. Енді Орта дәліз аясында жаңа сауда бағыттарын өркендетуді қолға алдық. Озық технологияларды игеруге, аймақтағы мықты суперкомпьютерді іске қосып, қазақ тілінің үлкен тіл моделін жасауға кірісті. Ешкім шүбә келтіре алмайтын бұл жетістіктерімізді мұхиттың ар жағындағы оқырманға жеткізудің де астары бар сыңайлы.
Бекзат Аманов, тілші:
- «Әділетті, қуатты әрі өркендеген Қазақстанның жаңа Конституциясы». Президент мақаласына осындай тақырыпты таңдады. Әрі жазбаны мынадай тіркеспен аяқтады. «Ашық экономика мен жауапты жаһандық серіктестікті қолдайтын қуатты мемлекеттің іргесін қалап жатырмыз». Қазір дүние дүрбелеңге толды. Экономикалық ахуал ушығып, инвесторларға талас күшейді. Ал Қазақ елі Бизнеске қолайлы жағдай ұсынуға дайын. Меніңше, мақаладағы негізгі месседж – осы.
Авторы: Бекзат Аманов