Жетісу облысында қант қызылшасы 13 мың гектар жерге егіледі
Жетісу облысында биыл қант қызылшасының көлемі былтырға қарағанда 800 гектарға ұлғайып, тәтті түбір себілген алқап 13 мың гектарға жетеді.
Егіс көлемінің артуы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нәтижесі, дейді шаруалар.
Қалибек Алпысбаев аймақта алғашқылардың бірі болып қант қызылшасын себе бастады. Топырақ ылғалды боп тұрғанда іске кіріскен шаруа биыл интенсивті технологиямен 200 гектарға тәтті түбір өсірмек. Соның төртен бір бөлігіне тамшылатып суару тәсілін қолданады.
Қалибек Алпысбаев, шаруашылық жетекшісі:
- Тамшылатып суару суға пайдалы. Су үнемдейміз. Екіншіден, күз айында беріп үлгермеген тыңайтқышты біз тамшылатып суару арқылы береміз. Және еккен егініміздің өнімі екі есеге дейін өседі. Тамшылатып суарудан Қордай жақтан көрдік. Олар мың центнерден алып жатыр. Суармалы жерде 500-700 ге жетеді. Сондықтан тамшылатып суару тиімді болады.
Көксу ауданында техникалық дақылды 190 шаруа қожалығы өсіреді. Зауыт тарапынан оларға баяу жетілетін және ерте пісетін тұқым түрлері берілді. Соған сәйкес өнім өткізу науқаны да жылдағыдан бұрын басталады.
Ержан Шалқыбеков, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:
- Былтыр қазан айының бірінен бастап қабылдаса, биыл қыркүйек айының бесінен бастап зауыт қабылдай бастайды. 26 жылға 2900 гектарға ұлғайтқалы отырмыз. Бұның басты себебі Көксу қант зауытының қабылдау көлемінің өсуіне байланысты. Былтыр олар 200 мың тонна қабылдаған. Биыл 300 мың тонна жоспарлап отыр.
2022 жылы аймақта 4 мың гектарға қант қызылшасы себілсе, биыл оның көлемі 13 мың гектарға жеткізіледі. Бұл Жетісу облысы құрылғаннан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.
Нұрдәулет Кененбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қант қызылшасы біздің регион бойынша ең рентабелді тиімді дақылдардың бірі болып есептеледі. Себебі мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған субсидиялардың бәрін ескеретін болсақ өндірілген өнімнің құны төмен болады. Шаруалардың алатын таза пайдасы жоғары. Атап айтсақ 40 мың теңге бір тоннаға есептеп отырмыз. Оның 15 мыңы зауыт тарапынан төленетін болса шаруашылықтарға 25 мыңы мемлекет тарапынан «Басым дақылдарды субсидиялау» бағдарламасы арқылы шаруаларға аударып береміз.
Облыс бойынша қант қызылшасын себу науқаны мамырдың 10-ына таман аяқталады. Саладағылар биыл 550 мың тоннадан аса тәтті түбір жинап, өңірдегі қос зауытқа өткізуді жоспарлап отыр.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов