Қазақстан азаматтарына зиянын тигізген Украина жеріндегі call-орталықтар жойылды
Украина аумағында әрекет еткен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың call-орталықтар желісі жойылды.
Трансшекаралық алаяқтар екі елдің құқық қорғау органдарының бірлескен әрекеті нәтижесінде құрықталып отыр. Олар жүйелі түрде Қазақстан, Украина және Еуропалық одақ елдерінің азаматтарына қарсы жұмыс істеген. Қылмыстық ұйымның ұзақ уақыт бойы жалған инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде әрекет еткені белгілі болды. Қаскөйлер жәбірленушілерді алдап, олардың құпия деректеріне, жеке кабинеттері мен банк шоттарына қол жеткізіп, ақшалары мен цифрлық активтерін иемденген. Сонымен қатар криптовалютаға жалған инвестиция ұсыну арқылы жасалған, алаяқтық фактілері анықталды . Қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыру үшін танымал инвестициялық платформалар мен криптобиржаларға ұқсас фишингтік интернет-ресурстар пайдаланылған.
Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы:
- Жедел іздестіру іс-шаралары барысында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен барлық белсенді қатысушы анықталды. Днепр қаласында бір мезетте 40 мекен-жай бойынша тінту жүргізілді. Нәтижесінде 53 Украина азаматы ұсталды. Олардың ішінде 8 негізгі күдікті уақытша ұстау изолояторына қамалды. Қалған қатысушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.