Ескі тракторды қалай жаңартамыз?
Елдегі ауыл шаруашылығы техникасының 60 пайыздан астамы тозып тұр. Жалпы қазір 150 мың шамасында трактор бар.
Үкімет жаңа техниканың санын көбейтіп, ескі жабдықтарды жаңартуға жан-жақты күш салып жатыр. Президент техника паркін жыл сайын кемінде 8 пайыз жаңартуды міндеттеді. Бұл жұмыс қалай жүзеге асады?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Қырда жұмыс қызды. Биылғы науқанға шамамен 138 мың трактор, 5600 егіс кешені, 70 мың тұқым сепкіш пен 140 мыңнан астам топырақ өңдеу техникасы қатысады. Алайда бұлардың дені ескіріп тұр.
Қазір елдегі трактор паркі 60 пайызға дейін тозған. Дегенмен кейінгі жылдары арнайы техниканың жаңарып жатқанын да атап өту керек.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ Техникалық жабдықтау басқармасының басшысы:
- 2022 жылы тозу деңгейі 80 пайызға дейін жетіп отырса, мынау 2025 жылғы қорытындысы бойынша 60 пайызға дейін түсіп отыр. Тозу деңгейін 50 пайызға жеткізуіміз керек. Содан кейін бізде жалпы техника сұранысы осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстан бойынша 4-5 мың бірлік трактор алынып отырса, мына 2025 жылдың 8 500 бірлік трактор алынып отыр.
Бұрын жыл сайын техника көп болса үш пайызға жаңаратын. Былтыр 7 пайызға жуықтады. Енді Президент паркті жылына 10 пайызға дейін жаңартуды міндеттеді. 2023 жылы техниканы лизингке беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама шеңберінде 5 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Сонымен қатар мемлекет мөлшерлеменің 19-20 пайызын субсидиялайды. Алғашқы жылы бағдарламаға 120 млрд теңге бөлінді. Ал кейінгі жылдары бұл сома ұлғайды.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ Техникалық жабдықтау басқармасының басшысы:
- 2024 жылы 250 млрд теңге бөлінді. Биыл 2026 жылы 350 млрд теңге бөліну жоспарланды. Ол ақша бюджетте бар, іске асайын деп отыр.
Қаржының ұлғаюның арқасында жыл санап сатып алынған техника саны артып келеді. Жаңа техника алуға Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының фермерлері жиі өтініш береді. Былтыр шаруалар 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Ал 2024 жылы 22 мыңға жеткен еді. Соған сай техниканың жыл сайынғы жаңарту деңгейі 5,5 пайыздан 7 пайызға жуықтады.
Авторы: Нұрқанат Қанапия