Қазақстан мен Перу қылмыстармен бірігіп күреседі

Енді Перу Республикасында істі болып, бас бостандығынан айырылған қазақстандықтар болса, оларға жазаны өз елінде өтеуге мүмкіндік беріледі. 

Сондай-ақ тараптар іздестіріліп жатқан қылмыскерлерді жауапқа тарту үшін оларды ұстап беруге жағдай жасайды. Бұған қоса, Қазақстан мен Перу арасындағы қылмыспен күрес жөніндегі ынтымақтастық одан әрі нығаймақ. Бүгін Сенат отырысында депутаттар осы мәселелерді айқындайтын үш бірдей шартты ратификациялады. Бұл заңдарға сәйкес өзара іс-қимыл жасайтын орталық орган ретінде еліміздің Бас прокуратурасы мен Перудің Мемлекеттік прокурор офисі бекітіледі.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қаралған шарттар Қазақстан мен Перу арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Шарттар екі елдің арасында өзара құқықтық көмек көрсетудің және сотталған адамдарды экстрадициялаудың тәртібін реттейді. Сондай-ақ тараптар аумағында жүрген күдікті адамдарды ұстап берудің рәсімдерін айқындайды. Алдағы уақытта бұл заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы іс-шаралардың тиімділігін арттырады деп сенеміз.