Қазақстанда пәтер ұрлығы 23,3%-ға азайды

Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда жыл басынан бері ұрлық деректері 18,4%-ға төмендеді. Оның ішінде пәтер ұрлығы 23,3%-ға, мал ұрлығы 6,7%-ға азайған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері 10 айда елімізде 9 мыңнан астам адам ұсталып, 1248 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған. Сонымен қатар ұрлық қылмыстарын ашу көрсеткіші артқан.

Мәселен, Тараз қаласында полицейлер 17 миллион теңгеден астам шығын келтірген пәтер ұрлығын ашты. 27 жастағы тұрғынның үйіне кіреберіс есіктің кілтін таңдау арқылы заңсыз кірген күдіктілер ақша мен алтын бұйымдарды қолды еткен. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ал Түркістан облысында ұрылар пластик терезені күштеп ашып, тұрғын үйге кірген. Бұл іске қатысы бар күдіктілер де ұсталып, қамауға алынды.

ІІМ азаматтарды мүліктің қауіпсіздігіне мән беріп, есік пен терезеге қосымша қорғаныс құралдарын орнатуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыз: