Маңғыстау облысында инватакси қызметінен өрескел заңбұзушылық анықталды

Прокурорлардың мәліметінше, Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы артық сағаттарды есептеп, қызмет көрсетушіге заңсыз ақша төлеген.

Мемлекетке келген шығын көлемі 5,3 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға инватакси шектеулі уақыт аралығында ғана қызмет көрсеткені белгілі болды. Қадағалаушы орган жеке кәсіпкерге заңсыз жолмен төленген бюджет қаржысын кері қайтаруды міндеттеп, мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік шара қолдануды ұсынды.

Арон Есболаев, облыс прокуратурасының басқарма прокуроры:
- Бөлім басшысы Әдеп жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес «қызметіне толық сәйкес еместігі» туралы жауаптылыққа
тартылды. Мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметін көрсету сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін жүргізіліп келді. Біз бұл бағыттағы заңдылықтың бұзылуын анықтадық. Демалыс күндері, мереке күндері яғни тәуліктің толық уақытында жүргізілуіне шешім қабылданды.