Жамбыл облысында жас мамандар жұмысқа конкурссыз қабылданады

Жамбыл облысында 50-ден астам педагогтың орны бос тұр. Кадр тапшылығы әсіресе ауылды жерлерде айқын сезіледі.

Сондықтан ондағы мектептер амалсыз зейнеткер ұстаздарды жұмыста алып қалуға мәжбүр. Жалпы өңірде жаратылыстану бағыты бойынша педагогтерге сұраныс жоғары. Ал жауаптылар мұғалім тапшылығын қалай шешпек?

Былтырғы оқу жылында өңірдегі мептептерде 268 мұғалімнің жетіспеушілігі болды. Мәселені шешу үшін облыстық білім басқармасы алғаш рет жас мамандарды конкурссыз қабылдай бастады. Нәтижесінде жоғары оқу орнын үздік тамамдаған жүзден астам түлек жұмысқа орналасты.

Ғазиза Белгібаева, жас маман:

- Бұл меніңше, мемлекеттің жастарға деген үлкен қолдауы. Сол арқылы мемлекетті дамытуға, көркейтуге, ұстаз бір ұлттың болашағына, біліміне жауап беретін жауапты тұлға болғандықтан біз үшін үлкен мүмкіндік.

Жаңа жобаның арқасында Тараздағы нөмірі 66-орта мектеп кадр тапшылығын шешіп отыр. «Келешек мектебі» биылғы оқу жылында 18 жас маманды конкурссыз қабылдаған.

Назым Ноғаева, мектеп директорының орынбасары:  

- Қазіргі жас мамандардың сабақ беру үдерісінде оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Артып келе жатыр. Өйткені түрлі платформаларда жасанды интеллектімен сабақ өткен кезде оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Осы жас мамандардың сабақ беру барысында оқушылардың да осындай жас мамандардан білім алып жатқаны бізді қуантады.

Дегенмен мұндай мүмкіндік жалпыға бірдей қолжетімді емес. Тек GPA көрсеткіші 3,33-тен асқан жастарға ұсынылып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл шешім жас кадрлардың ерте бастан тәжірибе жинап, еңбек нарығына тез бейімделуіне мүмкіндік береді.

Ләззат Қызылқұлова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Әсіресе орыс тілі, физика, химия пәндерінің мұғалімдерінің орны тапшы. Біз бұл мәселелерді жас мамандарды тарта отырып, бүгінгі күнде орын тапшылығын шешіп отырмыз. Бұл жоба әлі жалғасатын болады. Келесі оқу жылына да біз бұл жобаны әрі қарай жалғастырамыз.

Бүгінде аймақта 50-ге жуық мұғалім тапшы. Ең көп қажеттілік математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғаліміне болып отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә