Алматы облысында мал төлдету науқаны қызды
Қой қоздап, қора маңы азан-қазан.
Қыстан шыққан шаруалардың төрт түлігі көкке ілініп, жайлауға шықты. Бір ғана Жамбыл ауданында ұсақ малдан 200 мыңнан астам қозы алынды.
«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген бар. Ата кәсіпті дамыта білгеннің пайдаға кенелері сөзсіз. Малшылар қазір қой төлдетіп жатыр. Мына қожалық иесі былтыр гиссар тұқымды қойын әкелген. Асыл тұқымды мал өсіруге ден қойған шаруашылық, наурыздың ортасынан бері төл ала бастады.
Алмат Ажанов, шаруашылық жетекшісі:
- Біз гиссар породасын алдыңғы жылы алып келгенбіз Шымкенттен, Түркістан облысынан 500 бас. Бұл енді Гиссар деген асыл тұқымды болып саналады. Ең үлкен қойлардың ішіне жатады дүниежүзі бойынша. 500 бас алып келдік біз, сол маточный ғой. Қазірге 200-ге жуық қозылар туылды. сол 3000 басқа дейін жеткізу біздің план именно қойды.
Облыс бойынша Жамбыл ауданында мал басы көп. Қазіргі таңда ұсақ мал 1 миллионнан асты. Ірі қара – 100 мыңнан, жылқы 54 мыңнан асып жығылады. Мамандардың айтуынша, төрт түлік жыл сайын 5-10 пайызға өсіп отыр. Асылдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл бағытта мемлекеттен қолдау бар.
Дүйсенәлі Еңкелешов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:
- Субсидия жағынан малдың өндірген етіне, сүтіне, жүніне беріледі. Одан кейін сатып алған асыл тұқымды малдыңдардың басына төлейді. Мысалы, айтсақ, ірі қараны бір бас асыл тұқымды бұқа сатып алсаңыз, 260 мың теңге болады бір басқа. Құнажынын алсаңыз да сол 260 мыңын төлейді. Ал енді қойға келетін болсақ, бір қойға 26 мың теңге төлейді.
Бүгінде ауданда 250 мың асыл тұқымды қой бар. Оның көбі қазақтың қылшық жүнді, құйрықты қойы. Жыл соңына дейін асыл тұқымды ұсақ малдың үлесін 30 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Гүлім Советхан, Аят Дуйсембай, Аманжол Жонкешов