Таразда 1 миллион дана гүл егіледі

Биыл Таразда 1 миллион дана гүл егіледі. Коммуналдық мекеме қызметкерлері қаланы абаттандыру үшін өсімдіктерді өздері өсіріп жатыр. 

Қазір «Жасыл Ел – Тараз» мекемесіне қарасты жылыжайларда гүлдің 11 түрі жайқалып тұр. Тұқымнан өніп, көктеп жатқан гүлдер «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің жылыжайында өсіп тұр. Қазір мұнда шамамен 1 миллион дана көшет бар. Олардың күтіміне осындағы 12 бағбан жауапты.

Мерей Бает, тілші:

- Бұл гүлдердің ұрықтан осындай күйге дейін өсіп шығуына шамамен үш ай уақыт кетеді. Осы аралықта оларға тұрақты күтім қажет. Жалпы жылыжайдың іші қысы-жазы +24 градус болғаны абзал. Сол кезде ғана осындай жайқалған гүлдер өсіп шығады.

Коммуналдық мекемеде 8 жылыжай бар. Гүл өсірушілер тұқымды Голландия, Ресей және Қытайдан алады. Қазір мұнда сальвия, петуния, тагетис, целозия, газания сынды 11 түрлі гүл өсіріліп жатыр. Мамандардың айтуынша, гүл қауыз жарып, ашылғанға дейін көзге көрінбейтін көптеген қиындық бар.

Динара Сабыржан, жылыжай меңгерушісі:

- Әр кезеңнің өзінің қиыншылықтары бар. Қаңтар айында ылғалдың көптігінен тамырларының шіруі сияқты қиындықтары бар. Жаздыгүні бұлардың биттеуі тілә деген ауруларының көп түсуіне байланысты әр кезеңнің өзінің ауруларына берілетін әр түрлі дәрумен дәрілері бар. 

Гүлнар Оразалинаның гүл өсірумен айналысып жүргеніне 20 жыл болды. Биологтың айтуынша, жылыжайдан шыққан өскіндердің барлығы бірдей өнбейді. Мәселен, 1 миллион гүлдің шамамен 100 мыңын қайта ауыстыруға тура келеді.

Гүлнәр Оразалина, биолог:

- Отырғызған гүлдердің енді 100 пайызы өсіп кетеді демеймін. 10 пайыздары ауырады. Өйткені жылыжайдан 24-25 градустан шыққаннан кейін күндіз ыстық, түнде салқын болады. Сол себепті ол ауырады. Олардың барлығын біз қарап, қадағалап, күтіп, баптап орындарын ауыстырып отырамыз.

Жалпы биыл Таразда 10 мың 500 шаршы метр аумаққа гүл егілмек. Қазірдің өзінде 15 мың қызғалдақ егіліп, күзде көмілген 35 мың раушан гүлдері ашылып, түптерін қопсыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда экологтар бұл жұмыстарға жауапкершілікпен қарау керегін ескертеді. Барлық талаптар орындалмаса, атқарылған еңбектің нәтижесі болмай қалуы мүмкін.

Александр Плехов, эколог:

- Егу кезінде климат пен топырақ түрін міндетті түрде ескеру керек. Сондай-ақ жергілікті, яғни аборигенді ағаш түрлеріне басымдық берген жөн. Мысалы, біздің өңірде қарағаш жақсы жерсінеді. Ең бастысы – отырғызылған ағаштарға дұрыс күтім жасап, тұрақты суарып тұру қажет.

Таразда жыл сайын мыңдаған тал егіледі. Дегенмен қала аумағының көп бөлігінде автоматты суару жүйесі жоқ. Сондықтан коммуналдық мекеме қызметкерлері суды көлікпен тасуға мәжбүр. Соның салдарынан кейде жаңа егілген тал-дарақ көшеттері өнбей жатып, қурап қалады. Табиғатты қорғау прокуратурасы биыл да бірнеше заңбұзушылық анықтаған. 

Еркін Әлмаханов, облыстық Табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры:

- Көктемдік отырғызуға жоспарланған 29 656 ағаштың 10% ғана отырғызылғаны анықталды. Аталған мәселелер бойынша прокуратура органдарымен облыс әкімдігіне қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесінде облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметінен босатылды және қала әкімдігінң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Таразда биыл 15 мың тал егіледі. Мамандардың айтуынша, егілген ағаштар мен гүлдерге тиісті күтім жасалып, уақытылы суару жүйесі жолға қойылмақ. Өйткені, егер күтім дұрыс ұйымдастырылмаса, атқарылған еңбек пен бөлінген бюджет қаражаты зая кететіні ақиқат. 

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә