БҚО-да әлеуметтік нысандар жаңғыртудан өтеді
Батыс Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен медицина нысандары мен сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылып жатыр.
Бұл мақсатқа шамамен 18 млрд теңге бөлінді. Өңірде жалпы саны 27 жоба жүзеге асады. Басым бөлігі аяқталуға жақын тұр. Ең ірі жобалардың бірі - Бөрлі аудандық ауруханасын жаңғырту. Нысанды жөндеуге 4 млрд-тан астам теңге қарастырылған.
Бөрлі аудандық ауруханасының іргетасы 1988 жылы қаланды. Ғимарат көп жыл бойы жоғары жүктемеде жұмыс істеп келеді. Қазір аудандағы 58 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Қарашығанақ кен орнындағы шамамен 10 мың вахталық жұмысшы медициналық қызмет алу үшін осы жерге жүгінеді. Көршілес аудан тұрғындары да стационарлық ем алу үшін келеді.
Алтынай Баймұратова, Бөрлі аудандық ауруханасының директоры:
- Көпбейінді ауданаралық аурухана болып белгіленген кезде облыстық деңгейде жасалып жатқан әртүрлі күрделі оталарды өзіміздің деңгейде жасауға мүмкіндік ашылады. Ол дегеніміз медициналық көмекке кезек күттірмейді деген бағытпен жұмыс істейтін боламыз. Қазіргі таңда жалпы кереует саны 125 болған болса, ауданаралық көпбейінді аурухана болып белгіленген кезде 154 кереуетке дейін кеңейтілетін болады.
Аурухананы кеңейту мәселесі 2023 жылдан бері көтерілген. Қосымша корпустар салу жобасы да әзірленді. Мемлекетке қайтарылған қаражаттың арқасында былтыр ауқымды құрылыс басталды. Қазір ауруханаға қосымша 7 мың шаршы метр ғимарат салынып жатыр. Мұнда кардиологиялық, инсульттік және перзентхана бөлімшелері ашылады. МРТ мен ангиограф орнатылатын жеке ғимарат салынады.
Максим Землянушин, Құрылыс учаскесінің бастығы:
- Бетон іргетасын құю және бірінші қабаттың бағандары мен жабын плиталарын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Екі ғимараттың құрылысы қатар басталды. Келесі кезеңде кірпішін қалап, абаттандыру мен сыртқы инженерлік желілерін тарту жоспарланған.
Жалпы Батыс Қазақстан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 23 әлеуметтік жоба жаңғыртылды. Олардың қатарында 14 денсаулық сақтау нысаны және 9 сумен жабдықтау жүйесі бар. Нысандардың бәрі пайдалануға берілген.
Нұрмұхамед Жаңбырбаев, Бөрлі аудандық прокуратурасының аға прокуроры:
- Қазіргі таңда ауданымыз бойынша Ақбұлақ және Қарақұдық ауылдарында бір медициналық пунктпен бір фельдшерлік акушерлік пункт салынды. Аталған медициналық пункттер жергілікті ауыл халқына алғашқы медициналық көмегін беріп, септігін тигізуде. Яғни ол тұрғындар облыс немесе аудан орталығына бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті сол жерден ала алады.
Қазір өңірде тағы үш маңызды жобаның құрылысы жалғасып жатыр. Казталов аудандық ауруханасы қайта жаңғыртудан өтеді. Сонымен бірге Қаратөбе, Жәнібек аудандарында магистральды су құбыры желілері тартылады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Ақрап, Эльдар Аюпов