12 мың бала Ұлттық қордан түсетін төлемнен айырылды
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 12 мыңға жуық балаға төлем жасау тоқтады. Себебі бұл балалар азаматтығын ауыстырды.
Жоба ережесіне сай, тек қазақстандық төлқұжат иелері ғана жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінен өз үлесін алады. Енді,, азаматтық ауыстырған балаларға берілмеген 2 жарым млн долларға жуық қаржы қайда бағытталды?
2024 жылы 3 мыңнан астам бала, 2025 жылы тағы 8700-ден астам жасөспірім Қазақстан Республикасы азаматтығынан шықты. Сол сәтте ұлттық қордан төлем жасау тоқтады. Яғни бұған дейін осы балалардың жеке шотына жинақталған 2 млн 400 мың доллар бағдарламаға қатысатын өзге балалар арасында тең бөлінді.
Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры:
- Қазіргі күнде 12 мыңға жуық азамат, бала өздерінің азаматтығын ауыстырған. Ұлттық қордан тек Қазақстан азаматтығы бар балаларға ғана төлем төленеді. Сондықтан жыл сайын бізде балалардың санында өзгерістер болып отырады. Жылдың аяғында мемлекеттік база бойынша БЖЗҚ есептеп, азаматтығын жойған балалардың қаражатын басқа да балалар арасында бөлу рәсімін реттейді.
Ал өзге елден көшіп келіп, азаматтық алған балалар бағдарламаға жаңадан қосылады. Мамандар: «Ұлттық қор» – балаларға жобасына қатысушылар саны жыл сайын артып келе жатыр», - дейді. Әрине, алдыңғы кезекте еліміздегі демографиялық өсімнің әсерін атап өту керек.
Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры:
- Өмір болғаннан кейін біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Келіп жатқандар да көп. Соңғы кезде балалардың саны көбейді. Елге келіп, азаматық алып жатқан балалар бар. Олардың бәрі жыл сайын есеп жасаған кезде ескерілетін болады.
Экономистер «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының моделі әлемнің санаулы елдерінде ғана барын әрі біздегі бастаманың патриоттық тәрбие жағынан да пайдалы екенін алға тартты.
Бекнұр Қисықов, экономист, қаржы сарапшысы:
- Мысалы, менің балам, немерем осындай ақшасы барын біліп тұрады. Ол ақшаны мемлекет сыйлайды екен. Сондықтан ол шетелге ұмтылмай, Қазақстанды дамытайын, ойын экономикалық жағынан жоғары деңгейге көтереді. Біздің экономика, микро, макро экономикадан оның да үлесі, соның барын ол дамығанын тілеп тұрады да әрекет жасайды.
Бұл – еліміз үшін айтарлықтай жаңа жүйе. Ұлттық банк төрағасы өз сөзінде бағдарламаны іске асыру барысында қандай да бір техникалық сұрақтар туындап жатса, әрқашан қарастыруға дайын екенін жеткізген. «Бастысы –Қазақстан балаларына арналған бастама өзінің түпкілікті мақсатын орындауы керек», - деді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Егер бала Қазақстан азаматтығынан шықса, бұл – оның және ата-анасының таңдауы. Осындай жағдайда қаражат біздің жүйеде қалып, басқа балалар арасында бөлінетіні түсінікті. Негізгі идея – Қазақстанның ұлттық байлығы, яғни Ұлттық қордың табыстары балаларға тиесілі болуы керек. Бұл шешімді 2022 жылы Президент қабылдады.
Бүгінге дейін 7 миллионға жуық балаға 2 жарым миллиард доллардан астам қаржы аударылды. Есепшот иелері 18 жасқа толғанда жиналған ақшаға тұрғын үй жағдайын жақсартып, оқу ақысын төлей алады.
Авторы: Рухани Әбдірахман