Елордада киберқауіпсіздік мәселелері талқыланып жатыр

Елордада киберқауіпсіздік саласындағы әлемдік алпауыт «Palo Alto Networks» компаниясының ұйымдастыруымен «Innovation Day Astana 2026» форумы өтуде.

Ауқымды шараға мемлекеттік орган өкілдері, халықаралық IT-алпауыттар мен цифрлық қауіпсіздік саласының сарапшылары жиналды. Форум аясында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев компания делегациясымен арнайы кездесу өткізді. Тараптар алдағы бес жылға арналған ЖИ технологияларын дамытудың іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті. Сондай-ақ  CyberShield бірыңғай киберқауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Ұлттық киберқорғаныс жүйесін нығайту үшін кадр мәселесіне де басымдық берілген.  Қазір еліміздің 5 жетекші жоғары оқу орнында студенттер халықаралық стандарттар бойынша білім алса, дәл бүгін  «Astana IT University» базасында Киберқауіпсіздік академиясы ресми түрде ашылды.

Ахмет Түсіпов, Palo Alto Networks компаниясының Қазақстан мен Армениядағы өңірлік менеджері:

- Біз цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бұл өмірді айтарлықтай жеңілдеткенімен, киберқауіпсіздікті күшейту керек. Аталған форум бізге Palo Alto Networks компаниясының әлемдік тәжірибесімен бөлісуге және кибершабуылдардан алдын ала қорғану үшін жасанды интеллект пен машиналық оқыту алгоритмдерін қалай қолданатынымызды көрсетуге мүмкіндік береді.