Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні
Осыған орай еліміздің барлық мектептерінде «Мен таңдаған жол» атты жалпы республикалық ашық сабақтар өтті.
Мақсат – өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау әрі зиянды әдеттерден аулақ болуды үндеу.
Елордадағы №103 мектепте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі оқушылармен кездесіп, дұрыс тамақтану мен уақытылы ұйықтаудың маңызына тоқталды. Себебі гаджеттерді көп қолдану, энергетикалық сусындарды тұтыну жеткіншектердің денсаулығына орасан зиянын тигізуде. Кездесуге қатысқан Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де балаларға өз ақыл-кеңесін айтып, спортты серік етуге шақырды. Айта кеткен жөн, өткен жылдан бастап елімізде балалар арасындағы семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында мектеп тағамының жаңартылған стандарттары енгізілді. Бұған сәйкес, балалар рационындағы трансмайлардың мөлшері 2 пайызға қысқарып, қант 3 жарым есеге және тұз 5 есеге дейін азайтылды.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
- Балалардың арасында артық салмақтың соңғы 10 жылда біраз өскенін көріп жатырмыз. Оның негізгі себебі - тамақтану мен дене белсенділігінің аз болғандығы. Біз не істеп жатырмыз? Денсаулық сақтау министрлігі ретінде 25-жылдың 1 қаңтарынан ішінде қанты бар энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейін сатуға мүлдем тыйым салынған. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап, егер сатылатын болса, онда құқықтық жауапкершілікке тартылатын болады.
Дмитрий Баландин, Олимпиада чемпионы:
- Мұндай ашық сабақтардың бір жақсысы - балалар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, алдыңғы буын өкілдерінен тұщымды жауап ала алады. Сондықтан қолдан келгенше пайдалы кеңес беріп, дұрыс жол сілтеуге тырысамыз.