Армия сарбазды қалай қорғайды?
Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады.
Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты. Бұл - Президенттің Жолдауда айтқаны. Иә, әу бастан армия азаматтарды қорлауға емес, отанын қорғауға арналған жер. Өкініштісі сол, әскерге кебенек киіп кеткендер, кейін кебін киіп қайтып жатқанына куәміз... Сонымен Президент тапсырмасынан соң әскерде қауіпсіздік күшейді ме?
Жыл басталмай жатып Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі өрдімдей жастың қайтыс болғаны жайлы суыт хабар есімізде. Сарбаздың қару ұстау кезінде жарақат алғаны айтылды. Артынша бұл жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, бөлім командирі, өзге де жауапты тұлғалар жазаға тартылды. Иә, бұл бір ғана мысал. Десе де мұның артында қара жамылған отбасы, ақ жаулықты ананың көз жасы тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Армиядағы ахуалға Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдірді. Президент Түркістан газетіне берген сұхбатында бұл мәселені тағы көтерді. Мемлекет басшысы әскердегі келеңсіз жайттар өркениетті елге жат теріс үрдіс деп баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын.
Ендеше, темірдей тәртіп болуы тиіс әскерде тентектік неге көбейді? Мұның алдын алуға қандай қам-қарекет жасалып жатыр?
Президенттің тапсырмасымен, жуырда «Әскердегі заң мен тәртіп» және «Цифрлық профилактика» атты жаңа 2 жоба іске қосылды. Оның аясында жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін заманауи бейнебақылау жүйелері орнатылды. Ал далалық жаттығулар, жауынгерлік дайындық пен күзет қызметі кезінде командирлер мен сарбаздар бейнежетондармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ армия.кз сайтында әскери қызметшілерге арналған цифрлық кеңесші іске қосылды. Қосымша байланыс арналары арқылы әр сарбаз оқыс жағдай болған жағдайда өз құқығын қорғау үшін тиісті мекемеге тікелей хабарласуға мүмкіндік алмақ.
Ал бұл елордадағы 68-665 әскери бөлімі. Бір бөлімшенің өзінде 150-ге жуық камера бар. Мұндағы мамандар сарбаздармен жұмыс алғашқы күннен басталады дейді. Әр жас ең бірінші өз құқықтарымен толық танысады. Яғни оларға Заңмен қорғалғандығы жан-жақты түсіндіріледі. Қазір ата-ана әскердегі ұлымен байланысу үшін күн санап отырмайды. Жауынгерлерге апта сайын үй ішімен телефон арқылы тілдесуге жағдай жасалған. Ал егер сарбаз қандайда бір әлімжеттікке тап болса, профилактикалық кабинеттер мен сенім телефонындарына жүгіне алады.
Мұхит Қарабаев, 68665 әскери бөлім командирінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары:
- Әр айда 10 күндік декада болады. Сол декада бойынша барлық жеке құрамға Қазақстан Республикасының қылмыстық кодекстері жеткізіледі. Ұдайы жеткізіледі. Одан бөлек ботолен командирлері, ботолен командирлерінің тәрбие жөніндегі орынбасарлары арқылы Қылмыстық кодестің арнайы баптары бар. 18 тарау бар әскери қызметшілерге арналған сол ұдайы жеткізіліп отырады. Ведомствоға қол қою арқылы.
Әскери психолог Арман Қалышевтің айтуынша, сарбаздарды толық психологиялық тексеру үшін әскери бөлімдерге комиссия жіберілді. Арнайы топ құрамында психолог, дәрігер, қару-жарақ пен әскери қызметті ұйымдастырушы мамандар да бар.
Арман Қалышев, ҚР Қорғаныс министрлігі Психологиялық жұмыс басқармасының бастығы:
- Олар келіп психологиялық тестілу, яғни мерзімді әскери қызметшілер арасында депрессивті жағдайда жүрген, кризистік жағдайда жүрген әскери қызметшілер бар ма, жоқ па, соны анықтау. Оларды бақылауға алу, олармен кешенді жұмысты әрі қарай жалғастыру. Қару-жарақпен жұмыс істеуді күшейту, оған қойылатын талаптарды тексеріп, бір сыпыра қарап нығайту. Әскери қызмет саласында тәуліктік нарядтта әскери қызмет талаптарын тексеріп қарау болып табылады.
Армиядағы алауыздықты болдырмау мақсатында «Жауынгерлік дос» жүйесі жұмыс істеп тұр. Яғни әрбір әскери қызметшінің қасында екінші жауынгерлік досы болады. Оның басты міндеті – серігін жағымсыз жайттардан қорғап жүру. Сонымен қатар сарбаздар «Отбасымен бейнеқоңырау» қызметі арқылы туыстарымен хабарласа алады. Әрбір бөлімде ата-аналар чаттары құрылған. Сондай-ақ әскерлер арасында анонимді сауалнамалар жүргізіліп, дене жарақатының бар-жоқтығы тексеріледі. Тағы бір жаңашылдық - психологиялық подкаст жобасы. Сарбаздар шағын топта өз ойларын ашық айтып, мәселелерін бірге шешуге мүмкіндік алады. Сарбаздардың бұл ұсынысы министрлік тарапынан қолдау тапқан.
Ертай Ералин, ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің аға офицері:
- Профилактикалық қызметтің бір бағыты сарбаздардың аналары комитетімен бірге іс-қимыл, олар әскерге шақырылған сәттен бастап, «запас»-қа шығарылғанға дейін белсенді қатысады. Бейнебақылау камералары бойынша видеоаналитика жүйесі іске асырылуда. Ол бойынша барлық әскери бөлімдер бейнеқамералармен қамтамасыз етіліп, барлық жерде құқық бұзушылықты болдырмау бойынша орталықтар ұйымдастырылады.
Жалпы заң бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы ер жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндеттеледі. Оның ұзақтығы - 12 ай. Жыл сайын әскер қатарына 20 мың жуық бозбала шақыртылады. Наурыз айынан бастап көктемгі әскерге шақырту науқаны басталды. Сөз соңында айтарым: бір сарбаздың өмірі - тұтас қоғамның жауапкершілігі. Әскер қорқыныш орны емес, сенім мен намыстың мектебі болуға тиіс.
Авторы: Назерке Тоқжан