Жетісу облысында туристік маусымға дайындық сараланды
Жетісу облысында Алакөл жағалауында жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар биыл курорттық Ақши ауылында кәріз-тазарту станциясы пайдалануға беріледі. Жағалауды санитарлық тазалау, коммуналдық инфрақұрылымды күшейту және жағажайларды абаттандыру жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Бұл шаралардың барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Президент былтыр туристік аймақтарда тәртіп орнату, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ инвесторларға қолайлы жағдай жасау қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Жаңа туристік маусымға дайындық барысымен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов танысты.
Жағалауды жазғы маусымға дайындау аясында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, Талдықорған – Үшарал және Үшарал – Достық бағытындағы жалпы ұзындығы 488 шақырым автожол қайта жаңғыртылып, көлік қатынасы едәуір жақсарды. Алайда Алакөл жағалауы жыл сайын 2-ден 7 метрге дейін шегініп келеді. Қазір Көктұма ауылындағы бірнеше тұрғын үй мен Ақшидегі жеті демалыс аймағына жағалаудың құлау қаупі бар. Кәсіпкерлердің айтуынша, қыс мезгілінде екпінді жел мен мұз қабаттары жағалауды шайып, жағажайларды бүлдіреді. Соның салдарынан әр маусым сайын қалпына келтіруге қосымша қаражат жұмсауға тура келеді.
Бауыржан Жұмықбаев, туристік кешен директоры:
- Қыстан көктемге қарай жардың бәрі құлап түседі. Біз соның бәрін өңдейміз. Соған біздің қаражатымыз кетеді. Сондай проблемалар бар.
Былтырдан бері Алакөл жағалауын бекіту жобасы қолға алынған. Жоба жалпы 13 шақырым аумақты қамтиды. Қазір Көктұма ауылында жоспарланған 3 шақырымның 1 шақырымы бекітілсе, Ақши аумағында 200 метр жұмыс аяқталған. Бұл жұмыстар жағалауды қорғау, нысандарды сақтау және туризмді дамыту үшін аса маңызды.
Арман Жүсқалиев, мердігер:
- Жағажайды ұстайтын дамбамыз, «откосный» бөлімге, «фартукқа» және «упорный» блокқа бөлінеді. Бірінші мақсат мұзды ұстап қалу, берегті сақтап қалу. Осы жылы Көктұма ауылын бітіріп, жұмыстарымызды Ақшиде жалғастыру.
Ақши ауылында 69 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталған. Қазір кәріз-тазарту станциясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба былтыр қазан айында басталып, биыл күзде аяқталады деп жоспарланған. Нысан екі елді мекенге қызмет көрсетеді. Ал тазартылған техникалық су жасыл желектерді суаруға пайдаланылмақ.
Ыбырай Самат, мердігер:
- Екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең жүйелерді тарту ол біткен. Екінші кезең осы қондырғыларды салу. Ол іске асып жатыр. Қазан, айына дейін бітіп, қашара айында эксплпуотацияға беріледі.
Былтыр Алакөлге бір миллионнан астам турист келді. Биыл шамамен бір жарым миллион адам тынығады деп күтіліп отыр. Қонақтарды 260-тан астам демалыс аймағы қабылдайды. Осыған байланысты екі коммуналдық мекеме құрылып, тазалау жұмыстарына арналған 42 техника сатып алынды. Маусымдық бригадалар күшейтіліп, қоқысты жүйелі түрде шығару ісі жолға қойылды. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сәкен Түкібаев, Туризм басқармасының басшысы:
- Былтыр суда жүру ережелері бекітілген болатын. Сол ережеге сәйкес көлік бақылау инспекторлары жұмыс істейді. Былтыр олардың саны екеу болатын болса, биыл төртеу. Одан бөлек полиция қызметкерлері - 26. Құтқарушылар 13 және медицина қызметкерлері жұмылдырылатын болады.
Көшпелі жиында Балқаш көліндегі туризмді дамытудың кешенді жоспары таныстырылды. Былтыр жағалауға дейін жол салынып, көлік қатынасы жақсартылды. Электр желілері мен су жүйесі тартылды. Енді жағажайды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Лепсіде темір жол вокзалы салынып, ал Үшаралда тағы бір әуежай салу көзделіп отыр.
Болат Мұқашев, Үшарал әуежайының директоры:
- 50 адам сағатына өткізу мүмкіндігі бар. Қосымша аэропорт салынса 125-150 адам өткізе алады. Екіншіден, ол болашақта шетел рейстерін қамтуға және демалуға келген адамдардың ыңғайлы ұшып келіп кетуіне мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша Аида Балаева «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидалары жағалау аумағында нақты жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ең алдымен тазалықты сақтау, тәртіпке бағыну және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысынан көрінуі қажет, - деді. Премьер-министрдің орынбасары жағалау аймақтарын жазғы туристік маусымға толық дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, негізгі инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды және туристер ағынының артуын ескере отырып, демалыс аймақтарын жүйелі түрде жаңғыртуды міндеттеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов