Енді елде еңбек кітапшалары жойылуы мүмкін

Себебі бүгінде еңбек өтілін есепке алу жүйесі цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Дегенмен кейбір азаматтар үшін қағаз құжат әлі де қажет. 

Нақты кімдерге? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары саладағы өзгерістерді түсіндірді. 

Қазір еңбек нарығына алғаш келген қызметкердің деректері бірден электронды базаға тіркеледі. Соның негізінде еңбек өтілі сақталып, болашақта зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жеңілдейді. Бұл – саладағы  цифрлық өзгерістердің жемісі. Сондықтан қағаз құжаттарға қажеттілік біртіндеп азайып келеді. 

Арман Мақанов, ҚР ЕХӘҚМ Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бас сарапшысы:

- 2020 жылдан бастап жұмыс беруші еңбек шарты жасалған және тоқтағаны туралы мәліметтерді еңбек шартын есепке алу бірыңғай жүйесіне енгізуі керек. Себебі қазіргі уақытта адам еңбек шартына үш күн емес, бес минуттың ішінде қол қоя алады. 

«Дегенмен бұл жаңашылдық барлығына қатысты емес», - дейді маман. Себебі 1998 жылға дейін де жұмыс істеген азаматтардың деректері әлі де архивте сақтаулы. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар e-архив жүйесімен интеграция жүргізіп жатыр. Оған сәйкес азаматтар зейнетке шығарда ескі еңбек кітапшаларындағы мәліметтерді өздері дәлелдеп әуреленбейді. Қажетті ақпарат архивтерден автоматты түрде алынады. 

Арман Мақанов, ҚР ЕХӘҚМ Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бас сарапшысы:

- Егер еңбек кітапшасы жоқ болса, ол мемлекеттік органнан, жұмыс орнынан немесе архивтен алып келеді. Кімнің еңбек өтілі 98-ден басталса, зейнетке шыққан кезде міндетті түрде еңбек кітапшасын қолдануы керек. Ол қазір де жұмыс істеп жатыр ғой. Олар еңбек шартын осы портал бойынша енгізуі керек.

Елімізде еңбек өтілін есепке алу электронды форматқа ауырыстырылып жатыр. Сондықтан қағаз кітапшаға деген қажеттілік болашақта толығымен жойылмақ. Ал әзірге ол тек өткен жылдардағы еңбек тәжірибесін растау үшін қосымша құжат ретінде қала береді.

Авторы: Назерке Тоқжан