Былтыр елде 230 мың жаңа көлік сатылды

Басты себеп техниканың арзандауы. Әрине, әркім қалтасына қарап көсіледі. Мәселен, қытайдан келген темір тұлпарлардың нарықтағы құны биылдыққа 20 пайызға дейін төмендеген. Бұған не себеп? Мерей Мұратханқызынан білейік. 

Бұл - Астанадағы авто салондардың бірі. Жұмыс уақыты болса да, көлік қарап жүргендер баршылық. Көбін сол - Қытай маркалары қызықтырады. Өйткені бағасы қолайлы. Қалағаныңды таңдап алуға болады.

Диас Ерланұлы, автосалонның несие менеджері:

-Біз шекараға барып, көліктерді өзіміз тексеріп алып, бірақ кіргіземіз. Олар бізге тек қана бағасын айтып отырады. Осы доллардың түсуіне байланысты көліктер арзандап кетті. Сол себепті Қазақстан нарығына чанган, ВҮД көліктері 10-15 пайызға арзандап кетті.

Қытай көлігінің құны түскенімен, құндылығы артып жатыр. Елге жеткізілетін темір тұлпардың сан түрі бар. Сатушылар сапасына да шек келтірмейді. Бұған сұраныстың көп болуы дәлел. 

Диас Ерланұлы, автосалонның несие менеджері:

- Желтоқсанда біз сатқан 10 млн-10,5 млн машиналары қазір 1 млн-1,5 млн теңгеге құны түсіп жатыр. Не себеп дейтін болсақ, халыққа ыңғайлы жасау үшін. 

Темір тұлпарды тақымға басқандар көбейді. Оған бағаның тиімділігі ғана емес, авто несиелеудің де ықпалы тиген. Қазір бұл нарық ипотекамен теңесті. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы өткен жылы көлік алуға берілген қарыз көлемі 29 пайыз өскенін айтады. Яғни 2 жарым трлн теңге. Бұл сатып алынған көліктің 80 пайыздайына несие рәсімделді деген сөз.

Бәсеке күшті болған соң автосалондар түрлі жарнама жасап, бағаны түсіріп, жеңілдіктер жасап жатқанмен қазір 4 пайыздық бағдарлама тоқтады. Ал қарыз шартын банк өзі белгілейді. «Мұндай өзгеріс аталған нарыққа әсер етпей қоймайды», - дейді мамандар.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Біздегі автонарықтың 30 пайызы қытай маркалары қамтып отыр. Расында кейінгі кезде бұл көліктердің бағасы 15-20 пайызға дейін төмендегенін мамандар мойындады. Дегенмен, жазға қарай жаңадан келетін көліктің құны 5-10 пайызға өсуі мүмкін. Бұған доллар бағамының құбылуы және ҚҚС 16 пайызға дейін өсуі себеп.

Қытайдан көлік көп келуімен қатар қазір отандық автоөндіріс те қанатын кеңге жайды. Қытай, корей маркаларын өзіміз де өндіреміз. Бұл бәсекені күшейтіп бағаны тежеуге сеп болмақ. Сарапшылар импортқа қарағанда, Қазақстанда жиналған әйгілі көлік маркаларын алған барынша тиімді дейді. Өйткені сырттан арзанға келген көліктің сайманын ертең анағұрлым қымбатқа сатып алуға тура келеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт