Ветеринария саласында 705 жұмыс орны бос тұр
Елде ветеринария саласында 13 мың 500-ден аса жұмыс орны бар. Қазір соның 705-і бос тұр. Әсіресе Абай, Қарағанды және Ақмола облыстарында мал маманы тапшы. Жуырда Құрылтай ветеринария бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжат ең әуелі сала мамандарының жалақысын көбейтуді көздейді. Сонымен қатар оларға құқықтық көмек беретін ветеринариялық палата құрылуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.
Нұрхан Тоқановты мал ұстаған ауыл жұрты жақсы таниды. Ол 10 жылдан бері Көкпекті ауылдық округінің мал дәрігері. Үш елді мекеннің 6 мыңға тақау төрт түлігі Нұрханның жауапкершілігінде. Әсіресе көктем-күз айларында қырдан қырға елдің қорасынан шықпай еңбек етеді. Ал алар айлығы шайлығынан артылмайды. Қазір мұнда Нұрханмен бірге тағы екі маман қызмет атқарады.
Нұрхан Тоқанов, Көкпекті ауылдық округі ветеринария пунктінің меңгерушісі:
– Бізде қауырт жұмыс кезеңі көктем мен күз мезгілдеріне тұспа-тұс келеді. Бұл уақытта төлдеу, вакцинация жүргізу, түрлі қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстарымен айналысамыз. Тынымсыз еңбек етеміз. Малдың саулығы – халықтың амандығы. Азық-түлік қауіпсіздігі де біздің салаға тікелей байланысты. Енді еңбегімізге сай жалақы алсақ деп тілейміз.
Иә, төрт түлік – ағайынның аманаты. Мал дәрігері болу кейде өз басыңды қатерге тігумен тең. «Түрлі жұқпалы аурулар кезінде өзгеден бұрын көмекке келу – парыз», – дейді Нұрхан. Қазір елде сала мамандарын даярлайтын 10-нан аса оқу орны бар.
Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университеті – соның бірі. Бұл білім ордасын жылына 150 жас ветеринария бағыты бойынша тәмамдайды. Факультет оқытушыларының есебінше, қазіргі таңда түлектердің 75 пайызы өз мамандығымен еңбек етіп жүр.
Жомарт Кемешов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті «Ветеринария» білім беру бағдарламалар тобының жетекшісі:
– Қазіргі таңда мамандығымыз бойынша 1500 білім алушы оқып жатыр. Биыл 415 студент оқуға түсті. Сонымен қатар, ветеринария саласындағы жаңа инновациялық бағыттардың бірі ретінде «Ветеринариялық медицина» білім беру бағдарламасы ашылды. Биыл осы мамандық бойынша да студенттер қабылдадық. Еңбек нарығындағы мамандарға деген сұранысты қамтамасыз ету мақсатында бес бағыт бойынша дәрігерлер даярланады. Олардың қатарында дәрігер-фармаколог, дәрігер-хирург сияқты мамандықтар бар.
Енді сандарды сөйлетсек, елде ветеринария саласында 13 мың 500-ден аса жұмыс орны бар. Бүгінде соның 705-і бос тұр. Әсіресе Абай, Қарағанды және Ақмола облыстарында кадр қат. Иә, бейнеті қалың, жалақысы мардымсыз жұмысқа жастардың мойын бұруы екіталай. Жуырда Құрылтайдың жалпы отырысында депутаттар ветеринария саласы бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжат ең әуелі сала мамандарының маңдай тер, табан ақы өтеуін көбейтуді көздейді. Яғни келер жылдан бастап ол 220 мың теңгеден 420 мыңға дейін өседі.
Бота Елеусізова, Құрылтай депутаты:
– Мал дәрігерлерінің еңбекақысын көтеру, еңбек демалысына шыққан кезде 2 АЕК көлемінде сауықтыру жәрдемақысын беру қарастырылған. Сондай-ақ осы салада еңбек етіп жүрген ғылым кандидаттарына 17 АЕК, ал ғылым докторларына 34 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы беру көзделген. Бұдан бөлек, салада марапатталған азаматтарға біржолғы 1000 АЕК көлемінде жәрдемақы төлеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз ету және өңірге көшіп барған азаматтарға көтерме жәрдемақы беру мәселелері заң аясында қарастырылуда.
Бұған қоса, елде ветеринариялық палата құрылуы мүмкін. Бұл бастама ата кәсіппен біте қайнасқан мамандық иелеріне кәсіби һәм құқықтық көмек көрсету үшін керек. Иә, әуелден мал-жан аман ба? – деп хал сұрасатын халық үшін мал дәрігерінің мерейін арттырып, мәртебесін көтеретін кез келгендей-ақ.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Ырыстанбек Оспанов