Телеарна мен радиолар авторларға қаламақы төлей бастайды

Биылдан бастап елде телеарналар мен радиолар авторларға қаламақы төлей бастайды. Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді.

Жыл басында QazCopyright деп аталатын бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды. Аталған платформа музыкалық шығармалардың қанша мәрте жарыққа шыққанын тіркеп отырады. Бұл әр автордың құқығын қорғаумен қатар көлеңкелі бизнестің жолын кеседі. Осыған дейін отандық авторлар шамамен 30 млрд теңге көлемінде сыйақысын ала алмаған.

Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:

- Шет елдік әртістердің барлығы әндерінің әр ойналған үшін ақша алады. Өкінішке қарай отандық әртістер мен продюсерлер қаламақысынан қағылып жүр. Себебі бәрі бұған дейін қағаз жүзінде жұмыс істеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз бірыңғай ақпараттық жүйе құрдық. Мұнда теледидар мен радио арқылы барлық шарттар көрсетіледі. Ән қанша рет айналдырылса да бәрі мобильді қосымшада көрсетіледі. Біз оны қаңтарда іске қостық. Ал алғашқы төлемдерді маусым-шілде айларында ала алады.