Шалқар радиосына – 60 жыл
Биыл қазақ даласының әр бұрышына үні жеткен Шалқар радиосының құрылғанына 60 жыл толды. Осыған орай Алматыда салтанатты іс-шара өтті.
Жиынға мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты. Ол радионың бірқатар ардагерлері мен қызметкерлеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын табыстады. «Шалқар» радиосы алғаш рет 1966 жылы 1 қаңтарда эфирге шықты. Бастапқы кезде тәулігіне 2 сағат хабар таратты. Бүгінде 18 сағат эфирге шығады. Оның басты бағыты дәстүрлі музыка мен ұлттық мұраны насихаттау. «Шалқар» радиосы руханияттың алтын арқауына айналып отыр. Бүгін «Ұлттың үнбайрағы» атты кітап көпшілікке таныстырылды. Мерейтойға орай қазақтың тұңғыш радио дикторы Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланды.
Руслана Құдайбергенова, ардагер диктор:
- Шалқарға бүгін 60 жыл толса, мен соның 59 жылының куәгерімін. Сондықтан мен үшін бұл ерекше күн, ерекше қуанышты жағдай. Демек бүгін барша қазақстандықтарды Шалқарды жанындай сүйетін, ана тілін жанындай сүйетұғын бүкіл қазақ жұртшылығын Шалқардың 60 жылдық тойымен құттықтаймын.
Бүркіт Бекмағамбетов, ҚР Мәдениет қайраткері:
- Шалқардың тарихы әрине, көптеген үлкен азаматттардың, ұлтжанды азаматтардың елім деген, жерім деген, халқым деген азаматтардың арқасында дүниеге келді деп ойлаймын.