Ақтауда «Хакатон - жарқын идеялар» байқауы өтіп жатыр

Халықаралық шара төмен көміртекті энергетика көздерін, соның ішінде жасыл сутегі технологияларын дамытуды көздейді. 

Германия ғалымдары төрелік ететін сайысқа Әзербайжан, Өзбекстан және еліміздің әр өңірінен жиналған 8 команда қатысып жатыр. Ойы ұтқыр, жобасы үздік деп танылған жеңімпаз топ шетелге барып, болашақ әріптестерімен тәжірибе алмасады.

Қазақстан және Орталық Азия елдерінің студенттері, магистратура-доктарантурада оқып жатқан жас ғалымдар халықаралық хакатон алаңында бас қосты. Байқауда барлығына  ортақ тапсырма берілді. Мақсат – команда мүшелерінің ұтқырлығы мен ғылыми ойлау қабілетін сараптау. Әр топ жасыл сутегіні өндіру, оны сақтау және тасымалдау бойынша жобасын ағылшын тілінде баяндады. Берлин университетінің сарапшылары шараға онлайн қосылып, қатысушыларға менторлық қолдау көрсетті.

Дінмұхамбет Байымбетов, Yessenov университетінің кафедра меңгерушісі:

- Орталық Азиядағы орынды белгілеу, қай жерден жасыл сутегіні өндіру ыңғайлы деген тапсырма берілді. Әзірге үшінші команда өзінің жобасын қорғап жатыр. Екі команда да Маңғыстауды таңдаған болатын. Хакатон жеңімпаздары Германияға қысқа мерзімде тәжірибе алмасуға барып келуге мүмкіндік алады. Ол Берлин техникалық университетіне және Гамбург университетіне.

Хакатонда қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының студенттері мен оқытушылары бағын сынап жатыр. Бұл институт Президенттің елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалын ашу, сол арқылы өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы бойынша 2023 жылы Ақтауда құрылды. 

Арман Бүркітбаев, қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының оқытушысы:

- Әлемде 1 келі жасыл сутегін өндіру үшін шамамен 5-10 доллардай ақша кетеді. Ол өңірлерге байланысты. Жалпы Орталық Азияда Маңғыстау өңірінің үлкен потенциалы бар. Себебі бізде желдің жылдамдығы шамамен 7 метр секундына соғады және шамамен жылына 300 күн шуағын шашып тұрады. Сондықтан осыны пайдалану арқылы біз «көк энергияны» ала аламыз. Каспий суын пайдалана отырып біз одан сутегін әрі қарай аммиакқа айналдыру арқылы тасымалдай аламыз. 

Қазір Маңғыстау өңірінде жаңартылатын энергия көздері бағытында бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Мәселен, неміс компаниясы жел, күн станциялары және суды электролиздеу арқылы жылына 2 млн тонна жасыл сутегі өндіргісі келеді. Ақтаудағы институт түлектері осы зауытқа жұмысқа орналасады деп жоспарланған. Жалпы елімізде 2031 жылға дейін бір мың «Жасыл энергетика» инженерін дайындау күн тәртібінде тұр.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев