Қызылорда облысында 240 шақырым электр желісі жаңғыртылады

Қызылорда облысында электр желілерінің тозуы соңғы үш жылда 9 пайызға төмендеді. Өңірде 1 300 шақырым желі мен 287 қосалқы станция күрделі жөндеуден өтті. 

Бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Оның аясында Қазалы, Шиелі және Сырдария аудандарындағы бірнеше елді мекенде қуат тапшылығы мәселесі шешімін табады. 

Қазалы қаласында 1 600-ден астам түтін, 7 жарым мыңға жуық тұрғын бар. Шаһар аумағы кеңейген сайын қолданыстағы желілерге салмақ түскен. «Бұл – кернеудің төмендеуі мен жарықтың жиі сөнуіне себеп болды», - дейді тұрғындар.

Зәріп Әзмұратов, Қазалы қаласының тұрғыны:

- Халық көбейіп жатыр ғой жылдан-жылға үй салады, сол бір столб, бір трансформаторға қосады бәрін. Сосын жарық көтере алмай қалады. Сол себепті жарық үзіле береді кейде, біреу плита қосады. Содан сөніп қалады. Қазір енді әр көшенің өзіне бір трансформатор, тіреу қойып жатыр.

Былтыр ауданда Қожабақы, Түктібаев ауылдарының электр жүйелері толық жаңғыртылды. Сонымен қатар Қазалы қаласындағы жарық желілерін жаңғырту басталған болатын. Биыл осы жобаның екінші кезеңі жалғасуда. Оның аясында 40 шақырым желі мен ескірген бағандарды ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

Мұрат Әбсұлтанов, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Біз енді бүгінгі күнге дейін электр желісінің тозу деңгейі 67 пайызға түссе, осы жұмыстардың нәтижесінде 62 пайызға дейін түсіретін боламыз. Енді әрі қарай да Әйтеке би кентінде де қазір тұрғындардың өз бетімен жүргізіп алған самострой ағаш бөренелермен соғылған тұрғын үйлерді толығымен қайта жаңғыртуға жоба әзірлеп, тиісті бюджеттік бағдарламаға тапсырып қойып отырмыз. Енді бұл жұмыстар да тиісті жалғасын табады деп жоспарға енгізіп отырмыз.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Жалпы Сыр өңіріндегі электр желілерінің ұзындығы 10 мың шақырымнан асады. Ал қосалқы станциялар саны 2 мыңнан көп. Биылғы жоспар бойынша тағы 240 шақырым жарық желісі мен 52 станция жаңартылмақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев