Талғарда екі «Келешек мектебі» ашылды

Алматы облысында екі «Келешек мектебі» ашылды. Жаңа білім ошақтары Талғар ауданында бой көтерді. Елдімекенде үш ауысымды білім беру мәселесі әлі де өзекті.

Жыл соңына дейін облыста тағы 9 оқу ордасы қолданысқа беріледі. Нәтижесінде үш ауысымда істейтін мектеп саны 28-ден 23-ке дейін азаяды.

Жалғамыс ауылының балалары оқуын жаңа мектепте жалғастырады. Енді 600 орындық «Келешек мектебі» барлық қажеттілікті өтейді. Бұған дейін балалар жарты ғасыр бұрын салынған мектепте үш ауысымда оқыған.

Роза Әділова, Жалғамыс ауылының тұрғыны:

- Бұрын мектеп тар және ескі болатын. Оқушыларға орын жетпейтін. Енді жаңа мектеп ашылып, бүкіл ауыл боп қуанып отырмыз.

Даурен Қаһарман, мектеп директоры:

- Материалдық-техникалық база бойынша бұл жерде ең соңғы үлгідегі STEM кабинеттері, робототехника толықтай бізге материалдық база бойынша беріліп отыр. Сонымен қатар балалардың шығармашылығын арттыру бойынша арнайы кабинеттер ең соңғы үлгідегі лаборатория жүргізуге арналған химия, биология, физика бағыттарына арналған кабинеттерді соңғы үлгіде жасалған.

Жібек жолы ауылында ашылған «Келешек мектебі» де заманауи жабдықталған. Онда инклюзивті орталық, кітапхана, шеберханалар, STEM және робототехника кабинеттері бар. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да толық жағдай жасалған.

Бауыржан Баймағұлов, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Бүгінгі мерекеміз көптен күткен балаларымыздың мектебі. Енді ол дегеніміз Президентіміздің тапсырмасы бойынша салынып жатқан мектептер ғой. Іші керемет жабдықталған деп ойлаймын. Балаларымыз өте жоғары деңгейде білім алады деп ойлаймын.

Қазір Алматы облысында 28 үш ауысымды мектеп жұмыс істейді. Жыл соңына дейін ашылатын жаңа 9 мектеп олардың санын 23-ке дейін азайтады.

Қайрат Жұманов, Білім басқармасының басшысы:

- Биыл ұлттық жоба аясында 9 мектеп ашылады. Бұл үш ауысымды бес мектептің мәселесін шешеді. Сонымен қатар 9 мектептің құрылысы басталып, 18 оқу орнының үш ауысымды жүйесін кезең-кезеңімен жеңілдетеді. Оның ішінде Талғар, Қарасай, Іле аудандары және Алатау қаласы қамтылған.

Облыста үш ауысымды білім беру мәселесі алдағы үш жыл ішінде толық жойылады деген жоспар бар.

Авторлары: Гүлім Советхан, Аят Дүйсембай, Аманжол Жөнкешов