Ертіс өзені ауылға қауіп төндіріп тұр
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында Ертіс өзені арнасынан ауытқып, бағытын өзгертті.
Әзірге ернеуінен аспаса да, бұл жағдай жергілікті жұртты алаңдатып отыр. Мамандардың айтуынша, өзен күн сайын жағалауды шайып, Прапорщиково ауылы маңындағы шеткі үйлерге жақындап келеді. Сонымен қатар жағалауға жақын орналасқан жоғары кернеулі электр бағандарына да қауіп төнген. Қазір өзен жағасын биіктету және бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Құзырлы органдар жағдайды бақылауда ұстап, қауіптің алдын алуға бағытталған жұмысты күшейтті.
Ертістің жағасындағы Прапорщиково ауылының тұрғындарынан бұл күндері маза қашты. Өйткені өзен жыл санап арнасын кеңейтіп, жиегін опырып елді мекенге жақындап келеді. Наталья Шевырёваның үйі осы маңда. Сондықтан ол көктем шыға сала өзеннің ағысын аңдап, алаңдаумен жүреді.
Наталья Шевырёва, Прапорщиково ауылының тұрғыны:
- Сақтық шараларын күшейтуді ертерек қолға алу керек еді. Бұл жағдай талай жылдан бері қайталанып келеді ғой. Соңғы бес жылда жаға 7-9 метрге шайылды. Ана бір аралдарды жойса, осындай мәселе туындамас еді.
Инженер-гидрологтардың пайымдауынша да жасанды аралдарды жоймай мәселе шешілмейді. Қазір жүргізіліп жатқан өзен табанын тереңдету жұмыстары соған бағытталған.
Бағлан Көшеров, Мердігер компания басшысы:
- Өзен жағасы шайылмау үшін ең алдымен соған ықпал етіп тұрған себепті табуымыз керек. Ол әрине ағыс ортасында тұрған жасанды бөгеттер. Демек алдымен сол кедергілерді жою қажет.
Тұрғын үйлермен қатар электр желісін тарату торабына да қауіп төнді. Қазір бағандар тура жар шетінде тұр деуге болады. Сол себепті мамандар оларды жағадан 20 метр қашықтықтағы басқа учаскеге ауыстыру керек деп санайды. Әкімдік өкілдері ол үшін жер телімін бөлмек. Сонымен қатар олар жағалаудың опырылуын қайтсек те тоқтатамыз деп бекініп отыр.
Аян Мәкиев, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:
- Екі жыл бойы атқарылған жұмыстардың тиімділігіне көз жеткіздік. Бүгінде жағалық эрозия біршама бәсеңдеді. Бұған су электр станцияларынан жіберілетін судың реттелуі арқасында қол жеткіздік. Енді жағалауды бекіту үшін топырақ үйінділерін барынша биіктетіп жатырмыз.
«Өскемен су электр станциясы» қазір секундына 1200 текше метр су жіберіп жатыр. Мамандардың сөзінше, Ертіс пен Үлбінің жағасын нығайту жұмыстары өзен суының толысуына төтеп беруі тиіс.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин