Жас ғалымдар жаңа баспанаға көшті

Президент қолынан пәтер кілтін алған алматылық жас ғалымдар бүгін құтты қоныстарына орналасты.

Бұл баспаналар жуырда Ғылым қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты рәсімде берілген еді. Сол кезде Мемлекет басшысы жас зерттеушілерге 10 пәтердің кілтін табыстады. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымды қолдаудың маңыздылығын, сондай-ақ елдің ғылыми әлеуетін ашу мен дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын. Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің мәліметінше, жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

Бүгін жас ғалым Мадина Құмарғазина үшін ерекше күн. Ол жаңа екі бөлмелі пәтерінің табалдырығын аттады. Сыйға берілген баспана жиһаз бен тұрмыстық жабдықтармен толық қамтылған. 31 жастағы зерттеушінің айтуынша, бұл ғылыми ізденістерді алаңсыз жалғастыруға берілген үлкен мүмкіндік.

Мәдина Құмарғазина, Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің аға оқытушысы:

- Осы уақытқа дейін айтып кеткендей жалдамалы пәтерде тұрдым. Қазір кең, жарық пәтерім бар. Бұл менің болашаққа деген сенімімді нығайтып, ары қарай өзімнің жұмысымды жалғастыруға қосымша мотивация береді. 

Мемлекет басшысы табыстаған тағы пәтердің иесі - Шырын Тіленшиева. Ғалымның айтуынша, осындай әлеуметтік қолдау оның тұрмыстық мәселелерін жеңілдеткен. Ол Қазақстан халқының тұрмыс деңгейін аймақтар бойынша зерттеумен айналысады.

Шырын Тіленшиева, Философия, саясаттану және дінтану институтының әлеуметтану орталығының жетекшісі:

- Бұл жоба биылғы жылы аяқталады және сол биылғы жылы жұмыстың барлығын бір монографияда көрініс тауып, нәтижесін ұсынатын боламыз. Ал одан бөлек сол институттың аясында бізде цифрлық трансформацияға байланысты әлеуметтік гуманитарлық ғылымдарда цифрландыру, жасанды интеллект және этика және көп қырлы бірегейлік сұрақтары бойынша ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сол ғылыми жобалардың жұмыс мүшесі болып табыламын.

Алматылық 3 ғалымға пәтерлер бір тұрғын үй кешенінен берілді. Енді олар тек әріптес емес, көрші болмақ. Солардың қатарында жас зерттеуші Арман Өмірзақов та бар. Бүгін оның қуанышымен ортақтасуға жақындары келіпті.

Арман Өмірзақов, Қ. Сәтбаев университеті жанындағы физика-техникалық институты зертхана меңгерушісінің міндетін атқарушы: 

- Мен еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай үлкен мүмкіндік бергені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Әсіресе жас ғалымдарға өздерінің дайын, жарық әрі жайлы пәтерінде тұру мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл баспанада өмір сүруге барлық жағдай бар. Мен осындай баспанаға ұзақ уақыт бойы ұмтылып келдім.

Президент тапсырмасы аясында 2023-2026 жылдары 656 жас ғалым үйлі болған. Бұндай қолдау ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін арттырады. Сондай-ақ Қазақстан ғылымының кадрлық әлеуетін нығайтады.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Радик Жакупов