Жергілікті көшбасшыларды даярлау бағдарламасы
Жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буын қалыптасады. «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы жаңа бағдарламаны іске қосты.
Ауыл округтерінің сайланған әкімдері, мәслихат депутаттары және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері оқытылады. Нәтижесінде партияның кадрлық активінің функционалдық құзыреттерін дамыту көзделіп отыр. Басқарушы құзыреттерді арттыруға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, стратегиялық ойлауды жетілдіруге басымдық беріледі. Оқытудың бастапқы легі Абай облысында басталады. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов: партияластар алға қойылған міндеттерді лайықты әрі тиімді орындау үшін жаңа құзыреттерді белсенді түрде меңгеруі қажет, - деді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:
- Мемлекет басшысы «Алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсініктің ескіргенін, оның орын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басқанын үнемі айтып жүр. Оның үстіне, жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту, білім мен ғылым стратегиялық басымдық ретінде бекітілді. Бұл біздің басты ресурсымызға айналды. Сондықтан осы бағдарды басшылыққа алған «AMANAT» партиясы бүгін жергілікті кадрларды оқыту бағдарламасын бастап отыр.