Оралдағы «Жұлдыз» ауданында жолдар жартылай салынған

Екі жыл бұрын саяжайлары суға кетіп, «Жұлдыз» ықшам ауданынан үй алған оралдықтар әлі күнге жолсыз отыр. 

Жауаптылар жөндейміз деп топырақтың беткі қабатын ойып алғасын, көктемде көше Жайыққа, көлік қайыққа айналды. Ал қала басшылығы асфальт төсеуге әзірге қаржы тапшы екенін айтады. 

2024-тің көктемінде саяжайдағы үйлері суға кетіп, сарсаңға түскен тұрғындарға сол жылдың күзінде «Жұлдыз» шағын ауданынан 200-ге жуық жаңа үй тапсырылды. Алайда баспаналы болып, бөркін аспанға атқандардың қуанышы көпке созылмады. Көктем-күзде, жаңбыр жауғанда үйлеріне жету мұң болып тұр қазір.

Әсем Болатова, қала тұрғыны:

- Төрт баламыз бар. Жалпы қазіргі уақытта бізде жол мәселесі өзекті болып тұр. Жаңбыр жауса, үнемі балшық. Аяқ киімдеріміз балшық болады. Екінші аяқ киіммен жүреміз. Төрт баламыздың коляскасымен мен шыға алмаймын. Машина бар, мына жерге тастаймыз. Ары қарай кіре алмаймыз.

Үйлерді тапсырғанда шенеуніктер жолды да кешіктірмей саламыз деген екен. Алайда уәде орындалмады. Бірнеше көшеде құрылыс басталған. Алайда топырақтың үстіңгі қабатын қырып алған соң қозғалыс тоқтаған. Енді көшенің ортасындағы ойпаң жер көлкіген шалшыққа айналып, жағдайды одан сайын қиындатып тұр. Түрлі инстанцияларға арыз жазғанымен әзірге нәтиже жоқ.

Райса Ерғалиева, қала тұрғыны:

- Жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерді айтпағанның өзінде қарапайым мына  кәрізді сорып алатын машина кіре алмайды, басқасын айтпағанда. Жаңбыр жауған сайын балшық. Тіпті үйімізге жөндеу жасайық десек, бір цемент кіргізе алмаймыз. Мына жерге әкеліп түсіріп кетеді. Жөндеу жұмысын жасай алмай отырмыз.

Қала әкімдігі «Жұлдыз» ықшам ауданындағы жолдарды жөндеу 2024 жылы басталғанын айтады. 7 шақырым жолға асфальт төсеуге 1 млрд теңге жұмсау жоспарланды. Дегенмен жеке қордағы қаржы түгесілгесін, жұмыстар жартылай жасалған. Құрылысты толық аяқтау үшін қазір бюджеттік өтінім жолданған. Қаржы қашан бөлінетіні әзірге белгісіз.

Асылжан Хайруллин, қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- «Жұлдыз» шағын ауданы бойынша ішкі жолдарды қайта құру жобасы 2024 жылы жүзеге асып бастаған болатын. Жалпы қаражат «Ақжайық» қоры арқылы жүзеге асқан. Енді оның ішінде 1,5 км толыққанды асфальтталған, 2,2 км асфальт мүлдем жоқ және 3,5 км бізде қиыршық тас төселген жұмыстары жасалды. Енді жалпы толыққанды бұл жобаны жүзеге асырып аяқтау үшін қазіргі уақытта бюджеттен 400 млн үстінде қаражат талап етуде. 

Сонымен қатар тұрғындар төңіректе заңсыз төгілген көң-қоқыс пен бұралқы иттердің мәселесіне көңіл бөлінсе дейді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылгасов, Э. Аюпов